«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР БАҒЫН ЕҢБЕК АШАДЫ

1959-1960 жылдары орта мектептерге өндірістік оқу жүйесі енгізілгені есімде. Осыған орай білім ордалары өндіріс сұранысы мен мамандар қажеттілігіне байланысты болашақ жұмысшыларды даярлауды қолға алды. Мен қырық жылдан астам уақыт мұғалімдік еткен Есіл ауданындағы Николаевка орта мектебінің ұжымы жергілікті кеңшар басшыларымен келісіп, ұл балаларды ІІІ сыныпты тракторшы мамандығы бойынша, ал қыздарды сауыншылыққа оқытуды бастады. Сол кездегі директор Асқар Игібаев мені өндірістік білім беру бойынша директордың орынбасары етіп тағайындады. Жұмыс ә дегеннен бір жолға түсіп кетті деу қиын, бірақ мұғалімдер мен оқушылар бірлесіп, уақытты қызықты өткізгеніміз анық. 

Енгізілген пәннің негізгі мақсаты балалар­ды оқытып қана қоймай, білімін тәжірибе жүзінде бекітуге септесу болатын. Сондықтан алғашқыда оқу-материалдық базасын құруда қиындықтар туындады. Бірақ уақыт өте келе ойлағанымызды жүзеге асыра бастадық. Оқу­шылар көктемгі егіс, күзгі жиын-терім ке­зінде “Николаевка” кеңшарындағы жеті брига­даның жұмысшыларының жанына бекітіліп, тәжірибе жинауға мүмкіндік алды. Ал 1960 жылдың көк­темінде кеңшар басшыларының келісімі­мен 1,5 гектар жер телімін алып, оқу­шылармен бірге көкөніс өсіруді қолға алдық. Өнімді кең­шардың асханасына, біздің және көрші ауыл­дардың тұрғындарына сататын едік. 

Осыдан кейін жергілікті басшылар кеңшар­дың бау-бақша жұмыстарын жүргізуді біздің мектепке тапсырды. Келесі жылы облыста алғаш рет мектептің бастамасымен оқушы­лар­дың өндірістік және демалыс бригадасы құрылды. Осылайша, өндірістік бригада жасөспірімдерді еңбекке баулитын ұйымға айналды десек болады.
Кейін осындай еңбек-демалыс лагерьлері Петропавл қаласындағы мектептерде де ашыла бастады. Алайда, нарықтық экономи­каға көшкен кезде сол бригадалардың барлығы дерлік жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен, қай заманда өмір сүрсек те, мұндай жұмыстардың жастарды тәрбиелеу­де­гі маңызы зор болып қала бермек. Қазір Николаевка ауылындағы шаруа қожалықта­ры­ның денін сол бригадаларда тәрбиеленген оқушылар басқарып отырғаны сөзімізге дәлел бола алады. Менің мұны айтып отырған себе­бім, бұл жұмыстарды жандандыратын уақыт жеткен сияқты. Бүгінгі заманда барлық мек­теп­тер осындай жұмыс топтарын құрып, бау-бақша ексе, оқушылар үшін тәжірибе, ал білім ордасына пайдалы болмас па еді? Қазіргі таң­да мүмкіндік болғанымен, өкінішке қарай, бі­лек сыбана кірісетін адам жоқтың қасы. Дұрыс ұйымдастырылған еңбек тәрбиесі жастарды тура жолға салып, келешекте еліне адал қызмет ететін азамат болып қалыптасуына ба­ғыттайтынын ұмытпаған жөн.
Өткен жылы бір азамат Қызылжар ауда­нын­­дағы Бескөл ауылында алпыс гектардан астам жерге картоп егіп, оны кез келген адам­ның қа­зып ала алатынын айтқан болатын. Бі­раз тұр­ғын оның игілігін көргенін білеміз. Жо­ғары сынып оқушылары немесе студент­тер осын­дай жұмыстарға араласса жөн бол­мас па еді? Сол арқылы мұқтаж адамдар­дың да мәселесін шешуге болады. Әрі осын­дай жұмыстар ар­қылы жастардың рухы көте­рілері сөзсіз. Өкі­нішке қарай, қазір білім орда­ларын­да ұрандатқан шараларға баса назар аудары­лады. Флешмобтар мен кон­церттер немесе мақ­сатсыз өткізіліп жатқан бас­қа да іс-шара­ларға қатысқан жастардың уақыты босқа өтуде.
Ол кезде мектептер оқушыларға білім бе­румен ғана шектелмеді. Комсомол және пио­нер ұйымдары да балаларды рухани тұрғы­дан тәрбиелеуге баса мән берді. Яғни, жас­тардың пайдасыз жұмыстармен айналысатын уақыты болмайтын еді. Тимуршылар жасақта­рының құрамында болған өрендер де талай игі істерді атқарып, үлкендердің батасын алып жүрді. Жалғызбасты қариялардың үйіне барып, қыста есігінің алдын, жазда үйінің ішін та­за­лап, қолдарынан келгенше көмектерін ая­майтын. Білуімше, мұндай жұмыстар қазір де жалғасын табуда. Бұл ретте облыстағы ерікті жастардың еңбегі жайлы айтпай кетпеске болмас. Жастардың алдыңғы толқынды ұмыт­пай, көмектесіп жүретінін естігенде, көңіліміз көтеріліп, қуанып қалатынымыз рас.
Тәуелсіз еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар өс­келең ұрпаққа жан-жақты өнегелі тәрбие беру қоғамымыздың алға қойып отырған басты мақсаттарының бірі саналады. Әрбір өренді мейірімділік, ізгілік, қайырымдылық, адамгер­шілік секілді құнды қасиеттер негізінде тәрбиелесек, рухани бай адам қалыптасары сөзсіз. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мәні те­рең, мазмұны бай мақаласында ұлттық руха­ни болмысымыздан ажырамау, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен өнеріміз, әдебиеті­міз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс екендігін айтып өткен еді. Сондықтан олар­ға дұрыс бағыт-бағдар көрсетіп, отан­сүй­гіш­тікке тәрбиелеу басты назарда болғаны жөн. Сонда ғана мектеп түлектері, елді мекен азаматтары, қай жақта жүрсе де, туған ауы­лын ұмытпай, қамқорлық көрсетіп жүреді. Ту­ған жерінің қамын ойлап, көркеюіне көп еңбек сіңірген азаматтардың бірі – Болат Әбілмәжі­новты мысалға келтіруге болады. Ол алғашқылардың бірі болып егін шілікпен айналысып, одан түскен қаражатқа әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға кірісті. 2008 жылы Парла­мент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдары­ның докторы, профессор, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен Болат Әбілмәжіновтың Николаевка ауылына мешіт салып бергенін де айта кету керек. Кейін осы мешітті және ауылдағы бірнеше үйді бір орталықтан жылыту үшін қазандық та орнатып берді.
Менің ойымша, жастарды рухани тәрбие­леу үшін оларға еліміздің өткен тарихы, басы­мыздан өткен жайттар мен маңызды оқиғалар жайлы көбірек әңгімелеп, санасына құюға тиіспіз. Яғни, көпті көрген, ақылы дария қариялармен кездесулер жиі ұйымдастырылса, өскелең ұрпаққа ой салары сөзсіз. Өткен жылдары облыс орталығындағы әл-Фараби мектеп-лицейіне бардым. Білім ордасының директоры Күлімкөз Смайылова – менің оқу­шым, түрлі мерекелер мен айтулы даталарға орай әрі жастармен кездесіп, ақыл-кеңестерін айтуы үшін үлкендерді жиі шақыруға тыры­сады. Оларға аға буынның айтар ақылы, бе­рер кеңесі көп. Осындай жұмыстар барлық бі­лім ордаларында жүргізілсе дейсің.
Біздің жас кезімізде Мағжан Жұмабаев: “Ал­ты Алаштың басы қосылғанда, төрдегі орын – мұғалімдікі”, – деп мәртебесін асырған ұстаз­дарға деген құрмет ерекше болатын. Әсіресе, оқушылар ұстаздарының алдынан кесе-көл­денең өтпей, қадірін асырып отыратын. Әрине, соңғы жылдары мұғалімдерге деген көзқарас өзгеріп, педагогтардың мәртебесі артып келе жатқанымен келіспеуге болмас. Бұл барлығымыз үшін қуанарлық жайт.
Жастар тәрбиесінде бұқаралық ақпарат құралдарының да маңызы зор. Қателеспесем, 1990 жылдардың бас кезінде “Qyzyljar” теле­арнасында жұма күндері “Өнерпаз болсаң” де­ген бағдарлама көрсетіле бастады. Соны бар­ша көрермен күтіп жүретін еді. Өйткені, ха­барға ауылдық жерлерден өнерпаз, талантты жас­тар келетін. Бұл оларды ынталандырып, та­лай жастың жолын ашқаны сөзсіз. Нико­лаевка орта мектебінің оқушыларын да бірнеше рет әкелгеніміз бар еді. Қазір де осындай бағдар­ламалар ұмытылмай, жанданса екен дейміз.
Қазір мектептерге барсақ, кездесуде айт­қан сөздерімізді тыңдаған балалардың каби­неттен шығар-шықпас бір-бірімен орысша сөй­лесіп кетіп бара жатқанын көріп, жағаңды ұс­тайсың. Біз алғаш қолымызға қалам алып, жа­зуды латын әліпбиінде үйрендік. Сондықтан жарты ғасырдан астам уақыт бойы үстемдік құрып келген кириллицаны латын әліпбиіне көшіру жұмыстарының қолға алынғаны – жағымды жаңалық. Бұл – біздің ұлтымыздың шынайы тәуелсіздігінің көрінісі. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” демекші, латын қарпіне көшу жастарды ана тілінде сөйлеуге шақырады деген сенімдеміз.
Өзіміз сүйіп оқитын алғаш “Кедей сөзі”, ке­йін “Бос­тандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” болып атауы өзгерген “Soltústik Qazaq­stan” газеті де біртіндеп латын қарпіне көшуге бет бұрып, шағын хабарларды беріп жатқанын көріп жүрміз. Бір ғасырлық тарихы бар, тіл­шілері әр кез елдің мұң-мұқтажын, өзекті мәсе­лелер мен тақырыптарды жазып келген га­зеттің біз үшін де орны бөлек. Әрине, кеңес за­манында жазылған мақала мен қазіргі айты­лар ойды салыстыруға болмайды. Өйткені, әр дәуірде толғандырар мәселе де, айтылар тақырып та әртүрлі. Бірақ аталған газет көп мәселенің түйінін тарқатуға септесті десек, артық айтқандық емес.

 

Ескендір НҰРЫМОВ,
еңбек ардагері.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp