«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Жастар жарыс сайын шыңдалады”

Соңғы жылдары теріскейлік бозкілем шеберлері ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр. Әсіресе қазақ күресінен жауырыны жер иіскемей, әлемдік аренада жүлде иеленген саңлақтарымыз бар. Грек-рим және еркін күресте де қор­жынымыз бос емес. Ал самбо спортындағы жағдай қалай? Бұл сұрақтардың жауа­бын күрестің осы түрінен облыстың аға бапкері Виктор Вахриннен сұрап білдік.

– Виктор Викторович, өңі­рі­міздің спортшылары, со­ның ішінде балуандардың жеңісті жолы туралы бұқара­лық ақпа­рат құралдарынан күнде ай­ты­лып жатады. Өкі­ніштісі, сам­бо жайлы жағым­ды жаңа­лық аз. Бұның себебі неде?

– “Бақыт тыныштықты ұна­тады” деген тәмсіл бар ғой. Сон­дықтан да шығар, спортшыла­ры­мыздың жеткен жетістіктерін көп айта бермейміз. Яғни оны жұрт­қа жария етуге асықпай­мыз. Дегенмен, самбо спорты өңі­рімізде кенже қалғанын да ай­та кеткен жөн. Тек соңғы бес-ал­ты жылдың ішінде баяу қозға­ла­тын ұлудай алға қарай ұмты­ла бастадық.

Еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін облысымызда самбо спор­ты дамымады. Петропавлда тоқ­саныншы жылдары бейресми спорттық клубтар жұмыс істеді. Оған сол кездегі жастар жина­ла­тын. Солардың қатарында мен де болдым. Күрес әдістерінің бар­лығын жасайтынбыз. Кейін сам­бо не екенін ажырата бас­тадық.

Самбо – әскери қызметкер­лер­дің спорты болған соң, негі­зінен сарбаздар мен тәртіп сақшылары шұғылданатын. Аты ай­тып тұрғандай, оны көбіне жұрт қорғану үшін меңгеруге тырысты.

Ал сауалыңызға келсек, сам­бо секциясы ресми түрде осы­дан бес жыл бұрын ашылды. Сол кезде ғана облыс команда­сы жасақталды. Дене шынықты­ру және спорт басқармасынан қол­дау тауып, ұлттық спорт түр­лері мектебінің базасында құ­рылдық.

– Бес жылда қандай іс тын­дырылды? Жаттықтыру­шы­лар жеткілікті ме?

– Өңірімізде барлық күрес түр­лері жақсы дамып келеді. Ал самбо спорты сәл ғана артта қал­ға­ны белгілі. Себебі өңірімізде тек екі-ақ кәсіби жаттықтырушы жұ­мыс істейді. Жаслан Құрман­ға­­лиев пен мен. Біздің қарама­ғы­­мызда 9 бен 17 жас аралығын­да­ғы 100-ден астам бала бар. Бап­керлер саны аз болғанымен, самбоға қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Тіпті ере­сектер арасында бұл спорт түрі­мен кәсіби түрде айналысқысы келетіндер табылып жатады.

– Екі жаттықтырушыға 100-ден астам шәкіртті жарыс­тар­ға даярлау қаншалықты қиын?

– Жалпы бұл бізге кедергі емес. Ең бастысы, өз ісіңді ұна­тып, беріле жұмыс істеу қажет. Сонда ғана нәтиже болады. Біз­дің облысымыздың өзінде сам­бодан жылына бірнеше жарыс ұйымдастырылады. Балалар мен жасөспірімдер спорт мекте­бінің біріншілігін өткізуді дәстүр­ге айналдырдық. Бұл сында же­ңіске жеткендер қалалық және өңірлік ашық турнирлерде бақ сы­найды. Мұндай жарыстарға көрші облыстардың, Ресейдің жас спортшылары келеді. Жас­тарымыз жарыс сайын шыңдала түсетіні белгілі.

– Жас самбошылар қандай нәтижелерге қол жеткізді?

– Бес жылдың ішінде біз бір­неше халықаралық және рес­публикалық жарыстарға қаты­сып үлгердік. Әсіресе Ресейде өтетін сайыстарға жиі барамыз. Бірде жеңіске жетсек, бірде же­ңіліп қаламыз. Өткен жылдың мау­сым айында жерлесіміз Сұл­тан Баймағамбетовті еске алуға арналған республикалық тур­нир­ге қатыстық. Жарыс жасөс­пірімдер мен бойжеткендер ара­сында өтті. Ұлдар 3 қола медаль еншілесе, қыздарымыз 1 алтын, 1 күміс пен 4 қолаға қол жеткізді. Осыдан-ақ бұрымдылар ара­сында самбо спорты танымал екенін аңғаруға болады.

Сондай-ақ Беларусь елінде өт­кен турнирге де бардық. Шә­кіртім Роман Тирижанов жүл­дегер атанды. Желтоқсанда Не­вин­номыск қаласында “Дружба” дүниежүзілік балалар ойындары өтті. Жүлдеге іліне алмасақ та Роман жақсы күресті.

Ел бойынша да самбодан ба­лаларға арналған көптеген жа­рыстар өтеді. Өкініштісі, бар­лығына қатысуға қаржылық мүм­кіндігіміз жетпейді. Егер ақша болса, барлығына барар едік.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Басты мақсат – облыста сам­­бо спортын дамыту. Ол үшін жарыстардан қалмау маңызды. Қатысатын спортшылар бар. Бі­рақ ақша жоқ. Көбіне турнир­лер­ге демеушілердің көмегімен ба­рамыз. Жергілікті спорт басқар­масы тарапынан да қолдау бол­са дейміз. Себебі жеңіске жету үшін мол тәжірибе керек. Ал оны тек жарыстарға қатысу арқылы жи­най алатынымыз жасырын емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp