
Бүгінде жастар ісі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекеттің зор табыстарға жете алатыны анық. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге тарту мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жетілдіруі үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Оның бір дәлелі – 2019 жылдың “Жастар жылы” деп жариялануы.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма жастар ресурстық орталықтарымен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жыл басынан бері 700-ден астам шара өткізді. Олар жастарды жұмыспен қамтуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталды.
Креативті идеяларымен, өнертапқыштық ұсыныстарымен, жаңашыл көзқарастарымен жастар қашанда еліміздің мәдени, рухани, ғылыми дамуының көшбасында жүреді. Олардың барлық бастамаларын қолдау үшін өңірімізде “Жүз нақты қадам жастарға” жол картасы әзірленді. Аталған жол картасында өрендерге жүйелі түрде көмек көрсету және бос уақытты тиімді өткізуді ұйымдастыру шаралары қамтылған. Осы орайда биыл ауылдық округ әкімдіктерінде қызмет атқаратын мамандарға жастармен жұмыс жүргізу міндеттелді.
Үкіметтік емес секторды қолдау мақсатында үшкүндік лагерь, оқыту семинарлары ұйымдастырылып, қоғамдық ұйымдардың сайттары іске қосылды. Екі ұзақмерзімді жоба жүзеге асырылып, тәлімгерлік жүйесін жандандыру жоспарланып отыр. Гранттық қаржыландыруға қатысушы ұйымдардың саны артты. Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдар жалпы сомасы 6,5 млн. теңгенің грантын ұтып алса, үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 16,5 млн. теңгеге жетті.
Жүзеге асырылып жатқан жастарға арналған бағдарламалар мен жобалардың да берері аз емес. Осы орайда үстіміздегі жылы Жастар керуені іске қосылғанын айта кеткен жөн. Ақпараттық керуен аудандарды аралап жүр. Керуеннің құрамында жетістікке жеткен жастар – кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары, еріктілер қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Бүгінге дейін керуен екі ауданда болып қайтты. Тамыз айының соңына дейін қалған аудандарды аралап шығуды жоспарлап отыр.
Елімізде әр жас азаматтың толыққанды өмір сүруіне жан-жақты жағдай жасалуда. Мәселен, мемлекет жастар мен жас отбасылардың тұрмысын жақсарту мен табыс деңгейін арттыру, ұзақмерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз етудің барлық шараларын қолдануда. Мәселен, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жыл сайын ауылдық жерлерге 350 жас маман жіберіледі. Соңғы үш жылда бюджеттік кредит алған жастардың үлесі 42 пайызға жетті. Үстіміздегі жылы көтермеақының көлемі 100 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейді. Ал “Жасыл ел” жобасы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасап отыр. Былтыр өткен жылдармен салыстырғанда жұмыспен қамтылған жастардың саны бір жарым есе көбейді. Ал осы жылы жаздың алғашқы айында 91 адам жұмыс істесе, қазіргі таңда 341 сарбаз еңбек етіп жүр. Биыл жастар еңбек жасақтарының мерейтойына орай Петропавл қаласы мен аудандарда Жастар саябағын салу жоспарланып отыр.
Үстіміздегі жылы құрылысшылар қауымдастығымен кәсіби білігі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру жайында келісімге келдік. Осылайша, жастардың құрылыс жасақтарына қосылуына мүмкіндік жасалды.
Елімізде нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар санын арттыру, ауылда және қалада микрокредит беру арқылы азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын ынталандыру. Сайып келгенде, бұл еліміздегі кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Былтыр “Еңбек” бағдарламасы бойынша 2232 жас техникалық және кәсіби мамандықтарды игерді, кредиттік және гранттық қаржыландыру арқылы кәсіптерін ашты.
Биыл “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша квота саны 500-ге дейін көбейтілді. Атап өтерлігі, жұмыс өтілі жоқ жастар кез келген меншік үлгісіндегі кәсіпорынға жұмысқа орналаса алады. Бүгінгі таңда аталған жоба бойынша 66 адам жұмыспен қамтылды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, 14 пен 29 жас аралығындағы өрендерді, түзеу мекемелерінен босап шыққандар мен пробация қызметінің есебінде тұрғандарды әлеуметтік бейімдеу және жұмыспен қамту жөніндегі ұзақмерзімді жобалар жүзеге асырылуда. Осы санаттағы жастар үшін бизнес-тренингтер, оқыту семинарлары өткізіледі.
Алдағы жылдары жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін 2,5 пайызға дейін төмендетуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда грант саны көбейіп, кәсіпкерлікке бейім жастарға зор мүмкіндіктер ашылуда. “Бизнес бастау” бағдарламасы бойынша 990 солтүстікқазақстандықты өз кәсібін жүргізу негіздеріне үйрету жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 159 адам білім алып жатыр. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша қосымша 21 млн. теңге бөлініп, алдағы күндері байқау жеңімпаздары анықталатын болады. Үстіміздегі жылы жастар корпусын дамытуға бағытталған “ZHASPROJECT” жобасы аяқталып, нәтижесінде 67 әлеуметтік кәсіпкерлік идеясы қаржыландырылды. Сонымен қатар жастар стартапын қолдау мақсатында осы жылы ашық диалогтар өткізу арқылы жобаларды әлеуетті инвесторлар мен демеушілерге таныстыру көзделіп отыр. Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында тұрақты алаң ашылып, жыл соңына дейін алты кездесу өткізіледі.
Жалпы соңғы екі жылда өңірімізде 500-ден астам жас кәсіпкер тіркелген. Алдағы уақытта олардың саны жыл сайын 200 адамға көбейіп отырады деп жоспарлап отырмыз.
Барлық санаттағы жастарды облыстың қоғамдық өміріне тарту үшін еріктілер қозғалысын дамыту маңызды. Өңіріміздегі еріктілер клубының мүшелері қайырымдылық, іздеу, экологиялық шараларға тұрақты қатысады. Жуырда ерікті дәрігер жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Жастарды еріктілер жұмысына қатысуға ынталандыру үшін арнайы кітаптар таратып, театрларға жеңілдікпен билеттер беріледі. Сонымен қатар белсенділік танытып жүрген студенттердің шәкіртақыларын көтеру қарастырылған.
“Жастар жылында” атқарылатын жұмыстар науқандық шаралар емес. Олардың ұйымдастырылу деңгейін жыл сайын дамыту осы мәселемен айналысатын барлық ұйымдардың басты міндетіне айналуы тиіс. Мәселен, Жастар инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл ашылатын коворкинг орталық, дебат, көңілді тапқырлар клубы өз жұмыстарын өрендердің әлеуетін арттыруға бағыттамақ. Аудандар мен облыс орталығының шеткі аумақтарында спорттық шаралар ұйымдастыру үшін мектептер мен колледждердің спортзалдарын оқу үдерісінен тыс уақытта пайдалану көзделген.
Үстіміздегі жылдан бастап Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырмасына сәйкес жастарға қызмет көрсету орталықтарында жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру және өзге салалардың мамандары да отыратын болады. Бұл жұмыс Қызылжар ауданында ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Үстіміздегі жылға жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыру арқылы жастар мемлекеттік бағдарламаларға, тиісті шараларға қатыса алады. Ал бұған мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жастардың бірлесе атқарған белсенді жұмысының арқасында ғана қол жеткіземіз.
Ирина ТУХВАТУЛИНА,
облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы.