«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАСТАР ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ!”

Әлемді өрмекшінің торындай шырмаған жемқорлыққа өр намысты, мақсаты айқын, ұстанымы берік жалынды жастар ерік-жігерімен, жақсылыққа ұмтылысымен қарсы тұра алады. Облыстық мәслихат үйінде өткен “Жастар жемқорлыққа қарсы!” атты пікір-сайысқа қатысушылардың ойлары осыған саяды.

Британдық-парламенттік түрде жүзеге асқан шарада “Жұлдыз”, “Акцент”, “Анарыс”, “Бони және Клайд” атты төрт топтың мүшелері сыбайлас жемқорлықты түп-тамырымен жою үшін не істеу қажеттігі жайында ой жарыстырды.  

Қызу пікірсайыс барысында “Жұлдыз” тобының белсенділері жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа тосқауыл қоюдың негізгі жолы оған қарсы бүкіл қоғамды жұмылдыру десе, “Акцент” тобының мүшелері мектептегі жеткіншектердің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекет қазынасының халық игілігі екендігіне бейжай қарамау керектігін үйрету қажеттігін айтты. “Анарыс” пен “Бони және Клайд” топтары жастары жемқорлықты ауыздықтау үшін қазақстандық патриотизмді нығайту қажеттігін дәттеді.

Петропавлдағы жоғары және орта арнаулы білім беретін оқу орындарының жүзге жуық студенттерінің өз ойларының еркін жеткізуіне мүмкіндік берген шараны ұйымдастырушылардың бірі – жастар бастамалары орталығының директоры Нұрсаят Саркеннің айтуынша, аталмыш шара мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің облыс бойынша департаментімен жастар ұйымдарының бірлесуі нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp