
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл “Жастар жылы” болып жарияланғанда, өскелең ұрпақты қолдау бағытында біраз шаралар қолға алынады деп күтілген болатын. Өткен аптада “Жастар жылы” салтанатты түрде жабылғанын білеміз. Бірқатар жастар осы жылы өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жетістіктерге жетсе, бұл уақыт кейбіреулер үшін ешбір өзгеріссіз, елеусіз, зымырап өте шықты. Бір жыл қас қағым сәт, дегенмен, білек түрген адамға көп іс тындыруға болады. “Жастар жылы” деп ұрандатқан шараларға басымдық берілді ме, әлде көңілден шығар істер атқарылды ма? Жастардың өздерінен сұрап көрген едік.
Дария ЕГІНБАЙҚЫЗЫ:
– Шыны керек, Абай атамыз айтқандай, “Жастықтың оты жалындаған, талаптың аты арындаған” буынды қолдауға арналған жылдан күткеніміз әлдеқайда көп еді. “Жастар жылы” жарияланғанда көптеген қоғам белсенділері мен ардагер ұстаздар оны бәтуасы жоқ жиналыстармен, өскелең ұрпаққа ешқандай пайдасы жоқ форум, флешмобтармен өткізбеу керектігін айтқан болатын. Бірақ жастардың жоғын түгендеген жыл болды деп айта алмаймын.
Жақында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандарының жыл басынан бері ірілі-ұсақты 800-ден астам шара ұйымдастырғанын естідім. Олардың дені флешмобтар мен концерттер немесе мақсатсыз өткізіліп жатқан басқа да іс-шаралар екені айтпаса да түсінікті. Бір ғана мысал, қандай да бір мереке болса, өзіміз оқыған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерін орталық алаңға шығарып, бірдей киіндіріп, қолдарына шар ұстатып, улатып-шулатып қояды. Менің түсінбейтінім, мұндай даңғаза кімге керек?
Есжан ІЛИЯСОВ:
– Әлемнің көптеген елдерімен салыстырғанда Қазақстанда жастарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді, дегенмен олардың нәтижесі жастардың өзіне де байланысты. Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасымен “Жастар жылының” басында-ақ Үкімет оны жүзеге асырудың Жол картасын қабылдады. Онда жастарды қолжетімді баспанамен, жұмыспен қамту, бизнесті дамыту, жас отбасыларды қолдау және тағы басқа шаралар қарастырылған. Әр сала бойынша жастарға қатысты шешімін таппай жүрген мәселелер ойластырылып, түйінін тарқату мақсатында қосымша қаржы бөлінді. Биыл Қазақстанның үш ірі қаласы – Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте үш мың жас жалдамалы тұрғын үйлерге қол жеткізді. Еліміздегі үш мыңнан астам жас маманға 13,5 млрд. теңгеге тұрғын үй үшін бюджеттік несие берілді. “Дипломмен – ауылға!” жобасының қатысушыларына 1500 АЕК-тен аспайтын мөлшерде несие беру қарастырылған. Түсіне білген адамға мұндай қамқорлық жастардың болашаққа сенімін нығайтады.
Дария ЕГІНБАЙҚЫЗЫ:
– Енді осындай үйлер өзге өңірлердегі жастарға берілсе жақсы болар еді. Жыл сайын жастарды қолдау бағытында ауқымды шаралар қолға алынып, қомақты қаржы бөлініп жатқанымен келісемін. Бірақ, бұл ақша оларға бірдей киім, шар, жалаушалар мен басқа да керексіз дүниелер алуға жұмсалуда. Жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге тигізер пайдасы жоқ шараларға тоқтау салған жөн. Өңірімізде баспанасыз, “екі қолға бір күрек” таппай жүрген жастар қаншама? Бар қаржы мен күшімізді осы бағытқа жұмсағанымыз жөн.
Жақында облыс орталығындағы Оқушылар сарайында дарынды балаларды анықтап, қолдауға арналған орталық өз жұмысын бастады. Барлығы жақсы. Бірақ ашылу салтанатына барғанда, бұл орталықтың қандай мақсатта, қай бағыттар бойынша жұмыс істейтінін бізге түсіндіріп бере алатын ешкім болмады. Келісіп алғандай, барлығы: “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтау және қолдауға арналған осындай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылып жатыр”, – дейді. Түсінгенім, бұл орталық мамандары ауылда оқитын оқушылар олимпиадаға қатысуы үшін қашықтықтан психологиялық көмек береді екен. Мамандар бұл орталықтың мақсат-мүддесін жастарға түсіндіріп бере алмаса, оның біз үшін пайдасы зор болады деп айта алмаймын.
Есжан ІЛИЯСОВ:
– Сөзіңіздің жаны бар. Бірақ қолға алынып жатқан әр шара мен жобаның көздейтін мақсаты бір – жастарды қолдау. Олар үшін көтермеақы беріліп, грант, шәкіртақы көлемі өсіп жатыр. Өрендерді психологиялық тұрғыдан қолдап, көздеген мақсатына жетуге көмектесудің де маңызы зор.
Дария ЕГІНБАЙҚЫЗЫ:
– Жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жауапты мамандар да өздеріне жүктелген жауапкершілікті түсінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Еріктілердің дені жастар. Сондықтан биыл шешімін таппаған мәселелер келесі жылы назарға алынады деген сенімдеміз.
Дайындаған
Әсемгүл ӘЛМІШЕВА,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.