«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастар жырлайды

Жұлдыз Ілебаева – халықаралық “Шабыт” шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты, республикалық Ахыт Үлімжіұлы

атындағы жазба ақындар жыр мүшәйрасының ІІ орын иегері. Өлеңдері республикалық “Жас толқын” жинағына енген. Бүгінде Тимирязев аудандық “Көтерілген тың” газетінің тілшісі болып қызмет атқарады.

СІЗ ЖӘНЕ МЕН

Сіз маған қарағанда
Құлағыма раушан гүлдер күбірлеп,
Жаңа оянған ұяңдық боп жаралам.
Жайсаң жаным жанарымда дірілдеп,
Қос кірпіктің арасына қамалам.

Сіз маған қарағанда
Қара жолда қайырылғандай қанатым,
Қарашықта қалқып барам, қарасам.
Жыпылықтап жұлдыз таппай жанатын,
Толқынды түн, Ай құшақтап адасам.

Сіз маған қарағанда
Бір ысытып, бір суытып, шоқ түсіп,
Жүрегіңіз жүрегімді ұнатқан.
Ал деміңіз күйдіргенде от құшып,
Іші өртенген жанға өзімді ұқсатқам.

Кірпік қақсаң, ғайып болар жалғаным,
Бұл сорым ба, әлде бақыт, бағым ба?
Сізден алшақ жүрсем, тоңып, жаурадым,
Қалыңызшы жанымда.

СЕЗІМ

Бейкүнә гүлдердің жүзіне
Бұлттардың көз жасы тамғанда,
Бұлбұлдар бұтақта үзіле,
Беймезгіл әніне салғанда,

Сүмбіле секілді жалтылдап,
Секемшіл көңілмен жабығып,
Сөздерім санамда балбырап,
Сіз мені билеуге шақырып…

Білмедім өңім бе, түсім бе?
Мәз болдым мезеттік мүсінге.
Аспанға көтеріп әкеттің,
Жерге енді ешқашан түсірме.

Домалап көзімде дүние,
Қара жер құбылып сұлу-ақ.
Мың рет тәубе айттым күніме,
Жылаулы жанарды жұмып ап.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp