«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР МАЛ БАҒУҒА НЕГЕ АРЛАНАДЫ?

Төскейге төрт түлік өргізу – қазақтың ертеден келе жатқан кәсібі. “Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар” деген нақыл сөз де өз заманында жастарды атакәсіпке тарту үшін айтылғаны анық. Өкінішке қарай, соңғы жылдары жастар ауылдан үдере көшіп, қалғандарының өзі мал соңынан жүруді ар санайтын болды. Соның кесірінен кейбір елді мекендерде малшы жоқ.

Бұрындары малшылар қауымы ауылда­ғы ең құрметті адамдар еді ғой. Қызылжар өңірінде үздік жетістіктерімен көзге түсіп, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған шопан Қибадат Оразалин, малшылар Әл­сен Айсин мен Қапыс Жуасов, жылқышы Баяш Амринов нағыз еңбектің адамдары еді. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады, себебі, әр ауданның, әр ауылдың өз озатта­ры болатын. Көптің қолы жете бермейтін жеңіл көліктер де, ең алдымен, соларға бе­ріліп, ерекше сый-құрмет көрсетілетін. Ал бүгінде бұл сала мамандарының қадірі қашып тұр. Жастардың мал бағуға мүлдем зауқы жоқ.
Ресми деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі жұмыссыздардың саны 442,6 мыңға жеткен. Бұл – еңбекке жарам­ды тұрғындардың 4,8 пайызы. Ал Қызыл­жар өңірінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер 14,5 мыңды құрайды. Олардың ба­сым бөлігі – жастар. Бұрын мектеп түлектері мұғалім, мал технигі, мал дәрігері бо­лу­ды қаласа, соңғы жылдары заңгер, ке­денші, экономист болуды жөн көреді. Со­дан болар, жоғары оқу орындарын бітірген түлектер мамандығы бойынша жұмысқа ор­наласа алмай, жұмыссыздар қатары кө­бею­де. Бірі күнкөріс қамымен базар жаға­ла­са, өзгесі қара жұмысшы, күзетші болып күнін көруге мәжбүр. Неге сол жастар ауылға барып, атакәсіпті нәсіп етпейді деген заңды сұрақ туындайды.
Соңғы кездері шаруа қожалықтары тү­гіл, жекелеген адамдардың өздеріне қора­сындағы малын бақтыруға адам табу қиын. Бір ғана мысал, Шал ақын ауданындағы Ыс­қақ Ыбыраев атындағы ауылда бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Тұрғын­дар мен жергілікті шаруашылық 100 мың теңге айлық төлейміз десе де, малшы болу­ға ынта танытқан ешкім жоқ. Мәселе шеші­мін таппаған соң аудан әкімінің есептік кез­де­суінде де көтерілген. Амалсыздан өзге өңірлерден және басқа елді мекендерден жалдамалы адам іздестіріп, жұмысқа тар­туға мәжбүр болған. Қазір Андрей Штульц және Мерет Оразалин деген жігіттер ауыл­дың бір бөлігінің қара малы мен қойын ба­ғуда. Ал қалған көшелердегі төрт жүзге жуық ірі қараны тұрғындар кезекпен қарайды.
Мал шаруашылығы ел экономикасын ал­ға сүйрер негізгі саланың бірі екені даусыз. Ет пен сүтке деген сұраныс өте жоғары. Жам­был ауданындағы “Екпін – 2002” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы Екпін Әбиев – ауылда тұрып, төскейін төрт түлікке толтырып отырған табысты кәсіпкерлердің бірі. Ол да соңғы уақытта малшы табу қиындағанын жасырмайды.
– Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұс­тап қалар ұрпақ азайды. Жастар ат тізгін­деп, мал баққаннан гөрі, ауыл мен қала ара­сында жолаушы тасып, такси болғанды жөн көреді. Жастарымыз мал бағу түгіл, оған қарағысы да келмейді. Тіпті, қазір шо­пан мен малшы боламын дейтін жастар көз­ден бұл-бұл ұшты. Біз бірер жыл бұрын “Ал­тын асық” бағдарламасы аясында қой са­тып алған болатынбыз. Алайда, соны қа­рай­тын жұмысшы табу жағынан біраз қиын­дық көрдік, – дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қойды бағу ғана емес, оның жүнін қырқатын адам табу да қиын екен. Ол әр қырқылған қой үшін 400 теңге төлеуге дайын болған. Тіпті, Благове­щен­ка және көрші маңайдағы басқа ауыл­дарға хабар берген. Алайда, қойларды қыр­қа­тын адам таба алмай, ақыр соңында Та­йын­ша ауданынан екі отбасын шақырыпты. Келлеровка ауылының тұрғындары екі күн­де 1200 қойды қырқып, 460 мың теңге та­быс тауыпты.
Кәсіпкер сырттан мал бағуға адам ша­қы­ру тығырықтан шығар жол емес екенін айтады. Жастардың ауыр еңбектен, соның ішінде мал бағудан қашатындығы оны қат­ты қынжылтады. Енді қайтпек керек? “Мә­се­лен, Есіл ауданында және басқа аудан­дар­да ауыл шаруашылығы мамандарын даяр­лайтын колледждер бар. Онда эконо­мист, есепші, электрик, механик, технолог және тағы басқа мамандар оқытылады. Тым болмағанда, соның жанынан малшы, шопан, жылқышы, қойшы бөлімдері ашыл­са, кезек күттірмейтін бұл мәселе біртіндеп өз шешімін табар еді”, – деген Екпін Әбиев­тің пікірінің жаны бар.
Соңғы уақытта малшылық зейнетке шыққан немесе үй-күйі жоқ, ішімдікке үйір адамдардың кәсібіне айналып бара жатқан­дай. “Тамақ пен киіміңді әперіп отыра­мын. Осыған рақмет айт” деп мәжбүрлеп жұмысқа салып қоюдың соңы ұрыс-керіске, мал ұрлығына, төбелеске ұрындырып жүр­гені де рас. Аталмыш мамандық иелерінің көп жағдайда құқықтары қорғала бермей­тінін естен шығармауымыз керек. Жұмыс бе­рушімен көбіне келісімшарт жасалмай­ды. “Таныс бақташы ғой, жылда бақтыра­тын адам” деп жүрдім-бардым қараушылық әлі бар. Негізінен, екіжақты келісімшарт жа­салып, онда еңбекақы, сыйақы, еңбек де­ма­лысы, негізгі қорларға төленер төлем­дер бәрі толық көрсетілуі тиіс. Ең қиыны, зейнетақы қорына ақша аудармайтындар көп. Осыдан келіп малшы мен шопан қар­тайғанда зейнетақысыз қаламыз ба деп қор­қады. Кез келген еңбек адамы тәрізді олар­дың да мүддесін еңбек, кәсіподақ, құқық қорғау органдары қорғауы тиіс. “Малшы жоқ” деп жүргеніміздің де бір себебі осы болар?
Мал бағу мәселесін оңтайлы шешіп отырған ауылдар да баршылық. Бұл орай­да Айыртау ауданындағы Қамысақты елді мекенін атап айтуға болады. Бір кездері мұн­да да малшы табу қиын болған. Десе де, осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл ақсақалда­ры жергілікті инвестормен өзара келісімге келіп, мәселені шешкен. Округ әкімі Жақ­сы­лық Беркімбайдың айтуынша, бұған “Жар­қын СҚ” ЖШС-нің басшылығы бастамашы болған.
– Малшы тапшылығы ауданымыздағы қазақ ауылдарында жоқ. Кейбір ауылдар ірі қараны кезекпен баққанды жөн көреді. Мал басының көптігі де біраз қиындық тудыра­ры сөзсіз. Әу баста Қамысақты ауылында да осындай мәселе болды. Тұрғындар мал­дарын қараусыз жіберетін. Сөйтіп, мал егінге түсуді әдетке айналдырды. Бұл мал­ды қуып шаршаған серіктестік директоры кезекті жиналыста малшыларға төленетін айлықтың тең жартысын өз қалтасынан тө­леуге ұсыныс жасады. Енді малын табынға қосқан ауылдықтар бір сиыр үшін бақташы­ға тек 700 теңге ғана төлейді. Бұл халыққа да, серіктестікке де ыңғайлы. Ал басқа ау­дандарда инвесторлардың мұндай қадам­ға барды дегенін естіген жоқпын. Қайта ауыл малының қараусыз жүргені шаруа­ларға кесірін тигізбей ме? – дейді Жақсы­лық Әбдірұлы.
Әлемдік үрдіске қарап отырсақ, өр­кениет­ті елдер бұл мәселені шешу үшін жа­ңа технологияның көмегіне жүгінуде. Бір­не­ше жыл бұрын әлемдегі ең ірі мал экспорт­таушы елдердің бірі – Австралияның инже­нерлері бақташы робот жасап шығарды. Құрылғы төрт доңғалақтың көмегімен қоз­ға­лып, адамның басқаруынсыз, өз бетімен жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, топырақ пен шөптің құнарын, тіпті, малдың денсаулы­ғын анықтай алады екен. Солтүстікқазақ­стан­дық шаруалар да өндіріске жаңа тех­нология енгізуде құралақан емес. Мәселен, Тайынша, Тимирязев және Жамбыл аудан­да­рындағы кейбір шаруашылықтар малшы не­месе жылқышы таппағандықтан, элек­трон­ды бақташының көмегіне жүгінуде. Осы­­лайша, өрістегі малды “GPS” жүйесі ар­қылы онлайн бақылауға көшкен. Тың жоба­ларға біртабан жақын агроқұрылым бас­шы­ларының бұл қадамының арқасында мал ұрлығының жолы кесілуде.
Әрине, жаздың ыстығы мен күздің қара суығында күн ұзақ мал бағу оңай жұмыс емес. Сондықтан бұл салаға жастарды тарту үшін көрсетілетін қамқорлық та жақсы болғаны жөн. Малшылар мен шопандарға қол­дау көрсетіліп, еңбектеріне қарай жоға­ры жалақы тағайындау керек. Яғни, мал­шылардың әлеуметтік жағдайы түзелмей, бұл кәсіпті қайта жандандыру оңай бол­масы анық.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp