«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ТОП ЖАРДЫ

«Қызылжар М» жастар командасы футболдан Екінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде топ жеңімпазы атанды.

 «Қарасай» стадионында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов пен «Qyzyljar» клубының президенті Григорий Лория жастар командасының футболшыларын құттықтап, алтын медальдарды табыстады.
Коронавирус пандемиясына байланысты бұл жолы біріншілік бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Жаңа ереже бойынша барлық командалар төрт топқа бөлінді. Жарыс қорытындысына сәйкес, ұпай саны және соғылған доп айырмасы бойынша топ жеңімпаздары анықталды. Тәжірибелі бапкер Николай Стоякиннің жетекшілігімен жаттығатын жерлестеріміз Екінші лига аясында 5 рет жасыл алаңға шыққан болатын. Матчтар барысында әр ұпай үшін талпынған жас өрендер төрт ойында жеңіске жетті. Сөйтіп, қоржынында 12 ұпайы бар «Кызылжар М» өз тобында бірінші орынға қол жеткізді.
Біріншілік барысында мергендігімен көзге түсіп, қарсылас командалардың қақпасына төрт гол соққан Максим Скорых Екінші лиганың «Үздік бомбардирі» атанды. Бір атап өтерлігі, жас футболшы «Qyzyljar» командасының негізгі командасына шақырту алып, бірнеше рет Премьер-лигада да сәтті өнер көрсетті. Жиырма жастағы өрен үш рет жасыл алаңға шыққан болатын. Жуырда клуб басшылығы жергілікті футболшымен келісімшартты ұзартқанын айта кеткен жөн. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp