«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Елбасының Жарлығымен 2012 жылы еліміздің барлық аймақтарында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот құрылған еді. Содан бері аталмыш үкім шығарушы орган жасөспірімдер ісін қараумен қатар, олардың арасындағы қылмыстардың алдын алуға да өзіндік үлес қосып келеді.

Сот төрайымы Несібелді Жәнібекова арнайы ұйымдастырылған брифингте осы орайда тындырылған істерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірімдер тәрбиесіне судьялар да алаңдайды. Сондықтан облысымыздағы білім беру мекемелерінің оқушыларымен кездесіп, “дөңгелек үстел” басында әңгіме өрбіту дәстүрге айналған. Мектеп әкімшілігінің және құқық қорғау органдарының есебінде тұрған тәртібі қиын жасөспірімдер сот отырыстарына шақырылады. “Жастарға заңды бұзған адам міндетті түрде жазаға тартылатынын айтып, құқықтық сауаттылығын арттыру үшін жылына бірнеше мәрте “Ашық есік күнін” ұйымдастырамыз”, – деді Несібелді Марданқызы. Осындай іс-шаралар өткізудің нәтижесінде былтыр сот қарауына бар болғаны 30 тұлғаға қатысты 27 іс жетіпті. Сол бойынша 14 үкім шығарылса, 11 іс тоқтатылған, ал екеуі прокурорларға қайтарылған. Көбіне жасөспірімдер үлкендердің ықпалымен ұсақ бұзақылықтарға баратын көрінеді.  

Аталмыш сотта әкімшілік, азаматтық істер де қаралады. Судьялар көбіне алимент төлеуден жалтарып жүргендердің немесе алимент мөлшерін қысқартқысы келетіндердің және ортақ балаға таласқан некелері бұзылған ерлі-зайыптылардың мәселесіне нүкте қояды. Былтыр азаматтық істер бойынша 300-ге тарта іс қаралған. “Судья үкім шығармас бұрын алдымен баланың пікірін, қалауын тыңдайды. Сондай-ақ, сот психологі тағдырлары таласқа түскен балалардың жан дүниесін түсінуге тырысып, қолдан келгенше көмек береді”, – деді Несібелді Жәнібекова.

Еліміздің Қылмыстық, Әкімшілік, Азаматтық кодекстеріне енгізілген өзгерістерге байланысты бүгінгі күні соттар іс қарау барысында тараптарды татуластыра алады. Сондықтан шағымданушы мен кінәлі тұлғаны медиация тәртібімен татуластырып, істі тоқтату үрдісі бірте-бірте тәжірибеге енгізілуде.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp