Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың келесі жылды “Жастар жылы” деп жариялауы өскелең ұрпаққа көрсетілетін қолдау мен қамқорлықты арттырып қана қоймай, оларға жүктелетін жауапкершілікті де еселей түседі. Яғни, жастар алдағы жылға нақты жоспарлар құрып, мақсат-міндеттерін айқындап, оны орындау бағытында қарқынды жұмыс істеулері керек. Облыс орталығында “Қазақстан мен Ресей жастарының бастамалары – 2018” атауымен өткен жастар форумында осы мәселелер назарға алынды.
Форумға еліміздің Ақмола және Қостанай өңірлерінен, Ресейдің Омбы, Түмен, Қорған облыстарынан делегаттар қатысты. Олар алдымен бизнес және туризм, ғылым және IT-сала бойынша диалогтық алаңдар ұйымдастырды. Жас депутаттар, бизнесмендер, республикалық ұйымдардың көшбасшылары, белсенді жастар бас қосып, өзара тәжірибе алмасты.
Ұйымдастырушылар дәстүрлі шараның алдында өңірдегі үздік жастарды анықтап, ынталандыру мақсатында “Самрұқ – 2018” конкурсын жариялайды. Қатысуға түрлі салалар бойынша үздік нәтиже көрсетіп, жемісті еңбек етіп жүрген жүзден астам жас өтініш білдірген. Шара барысында жеңімпаздар салтанатты түрде марапатталды.
– Биыл облыс орталығында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Оған жастар ұйымдарының қосқан үлесі зор. Аталмыш форум да биылғы жылдағы жарқын шара ретінде есімізде қалады, – деген облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет ұландарды алдағы уақытта да қоғамдық шараларда белсенділік танытуға шақырды.
Форумға өз ісін, мамандығын жақсы көретін өрендер жиналып отырғанын тілге тиек еткен облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина байқаудың “Облыс жастарының үздік логотипі” аталымында жүзден жүйрік деп танылған Тимирязев ауданының тұрғыны Лашын Кәкімді марапаттады.
“Үздік жастар ұйымы” аталымы бойынша биыл жүзден астам шара ұйымдастырған Қызылжар аудандық жастар бастамалары орталығы таңдаулылар қатарынан табылды. “3-D future” жобасының авторы, Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті Александра Отт “Жыл студенті” атанса, “Legion” би студиясының, “Активист” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекет Құдайбергенов “Жыл дарыны” жүлдесін жеңіп алды. “Жылдың үздік спортшысы” аталымында – Мамлют мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Артем Головин, “Жыл қаһарманы” аталымы бойынша Петропавл қаласындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Мұса Жақсыбаев үздік деп танылды. “Равная дорога” әлеуметтік жобасының авторы Сәлімхан Сәбитов – “Жыл жаңалығы”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Уәлиханов ауданында мұғалім болып жұмыс істеп жүрген Руслан Қайыргелдинов – “Жас маман” және “Мұнаймаш” акционерлік қоғамының инженері Станислав Брильков “Жыл шебері” аталымдарында жеңіске жетті. Жеңімпаздарға дипломдар және ақшалай сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар биыл облыстық, республикалық және халықаралық деңгейлерде өткен іс-шараларға белсене қатысқан бір топ еріктінің еңбегі ескеріліп, оларға құрмет көрсетілді.
Осыдан кейін қатысушылар назарына облыс жастарының алғашқы журналы ұсынылды. Онда жастардың үздік, ауқымды жобалары, жастар ұйымдары өткізген іс-шаралар жайлы мағлұматтар бар.
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústіk Qazaqstan”,
Әсемгүл ӘЛМІШЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.