«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастар шығармашылығы

Мамлютка қаласының тумасы Елена Кузина мектеп қабырғасында жүргенде-ақ ұстаздардың көзіне түсіп, әртүрлі жыр додаларына қатысып, бағын сынайды. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің маманы болуды армандаған ол М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін тамамдады. Бүгінде аталмыш оқу ордасында магистратурада білім алуда.

Елена КУЗИНА  

ҚАЗАҚСТАН

Тыпыршимын тотықұстай тордағы,

Жауқазындай жанымның кім қорғаны?

Мұңайғанда маңдайымнан сипайтын,

Елім болса болғаны.

Елімменен бақыттымын, біргемін,

Шуағымен жылытады күндерім.

Қазақ жұрты, тілің, дінің бөлек деп,

Жатырқауды, жатсынуды білмедің.

Қазақстан, сенсің менің байтағым,

Әлдилеген атыңды ән ғып айтамын.

Босағадан боздап келген ұлысты

Бездірмедің, қуанттың сен қайта мың.

Түңілмедің тілім басқа болғанмен,

Мейіріміңе жылындым мен тоңғанмен.

Татулықта, ынтымақта, бірлікте,

Жүріп келем сен үйреткен жолдармен.

Қазақстан – менің діңгек тұғырым,

Сенің атың әлемдегі ұлы ұғым.

Кетігіңе кірпіш болып қаланып,

Қарыштаған өреніңнің бірімін.

ӘКЕМЕ НАЗ

Мен сен жайлы жазғым келіп бір өлең,

Өзімді-өзім жүндей түтіп, жүдегем.

Әке, сенің орның бөлек болмаса,

Жырмен ғана бақытты өмір сүрер ем.

Бұл жалғанның жүрмесең де төрінде,

Сен иесің мендік сезім, сенімге.

Қолтығымнан сүйегендей боласың,

Қапалансам, қаяу түсіп көңілге.

Мен өзіңсіз қанатсызбын, әлсізбін,

Жанарымда көлбеңдейді сансыз мұң.

Оят менің жүрегімді мұңайған,

Қуатыңыз қанат болсын дәл сіздің.

Әке, өзіңмен бірге болам мәңгілік,

Арманыңды жүрем әр кез ән қылып.

Мен өзіңнің жалғасыңмын, ал жырым,

Биіктерде қалықтайды сән құрып.

УАҚЫТ

Уақыттың еншісінде барлығы,

Адамдардың алмағайып тағдыры.

Жастық шағы, қуанышы, күлкісі,

Өкініші, уайымы, бар мұңы.

Өмір бізге тоспайды тек тәттісін,

Ол адамға берілетін бақ, түсін!

Уысынан сырғып кетіп уақыттың,

Ұстатпастан жүрмесе игі ақ құсың.

 

Орыс тілінен аударған

Нұргүл ОҚАШЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp