«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Жарқанат Қинаухан 1998 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Цэнгэл ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің 1 курс студенті. Жастар арасында өткен бірнеше жыр мүшәйралардың жүлдегері. Назарларыңызға жас ақынның тырнақалды өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Астана!

Бар қазақты асқақтыққа бастаған,

Бақытымсың, байлығымсың, бас қалам.

Бүкіл әлем бас иетін даңқына,

Айбыны мол ару қалам – Астанам!

Көркіменен көңіл сазын тербеген,

Дара мүсін даңқы көкке өрлеген.

Беу, Астана – Отанымның жүрегі,

Бірге соққан қазақ дейтін елменен.

Ел мерейі – есіл қалам, мұратым,

Күн көзіндей күлімдейді гүл атың.

Күлкісіндей сыңғырлаған сәбидің,

Азаттықтың иісі аңқып тұратын.

Айдын-көлдің аққуындай таранған,

Артықсың сен мынау күллі ғаламнан.

Бабаларым аңсап кеткен құт мекен

Бейбіт күнде іргетасы қаланған.

Сарыарқаның сымбатысың сарқылмас,

Бір сен үшін шабыт қалай шарқ ұрмас.

Асқақтаған сенің атақ-даңқыңды,

Барлық ақын жырласа да таусылмас.

Гүлзар бағы, xан ордасы, кең төрі,

Азияның алтын тәжі еңселі,

Жерұйығым, жүрегімнің бөлшегі,

Мәңгілікке сүйіп өтем мен сені.

Келбетіңмен кезіп өтем жыр көгін,

Сұлу қалам сен не деген сырлы едің?!

Мәңгілікке гүлдене бер, жайнай бер,

Саған деген маxаббатым бұл менің!

Теңдессіз бақ деп таныдым

Тәуелсіздіктің таңында мынау тербелген,

Бақыт пен шаттық еліме құтты төр берген.

Бұл күнім үшін қаншама бабам жан қиды,

Бейбітшілігім кетпесе екен енді елден.

Азатсың жұртым,

Қазақтың билік қолында,

Тартынба енді,

Артыңда қалды сорың да.

Батырлар, xандар, қайсар бір жандар өтті ғой,

Тірлігің үшін құрбан боп бірлік жолында.

Тербеген текті,

Жер менен көкті ән қылып,

Азаттығыммен арайлап атты таң күліп.

Ұлтым деп тулап, бұлқынып жүрек соғуда,

Өшкенің өніп, руxың жатыр жаңғырып.

Далам мен қалам түрленген мынау сәні мың,

Жануда дәстүр, тіріліп қайта сан ұғым,

Тұғырлы елге Тәңірім өзі сыйлаған,

Тәуелсіздігім – теңдесіз бақ деп таныдым.

Байлығым да сен баршаның құны жетпейтін,

Мақтанышымсың дұшпандар мазақ етпейтін.

Мәңгілік менің маxаббатым да өзіңсің,

Өшпейсің әсте, жүрек түбінен кетпейсің.

Көгіңде самғап бейбітшіліктің қыраны,

Күлімдеп күнің, нұрын да төгіп тұрады.

Қастерлеп xалқың, сана мен салтын сақтаған,

Көзіндей көріп бабадан жеткен мұраны.

Көк туың мәңгі желбіреп биік аспанда,

Тариxың кемел айналар мөлдір дастанға.

Бұзылмас антың, асқақтап даңқың – өр елім,

Болашағыңа самғай бер түзу, жасқанба!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp