«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ЫҚЫЛАСЫ ЕРЕКШЕ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласын талқылауға арналған жиын өтті.

Шараға қатысқан оқытушылар мен студенттер мақалада қозғалған мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салып, елдің рухани даму бағдары ретінде көрсетілген бағыттарды жүзеге асырудың жолдары туралы ойларымен бөлісті.

“Нұр Отан” партиясы “Білім” бастауыш ұйымының төрайымы Шәрбан Таймуллина мақаланың бүгінгі ұрпақ үшін аса маңызды екендігін атап көрсетті. Ол мақаланы Елбасының соңғы Жолдауында көрсетілген жаңғырулардың жалғасы дей келе, бұл құжаттардың әрқайсысы қазақстандықтардың алдына үлкен мақсаттар қойып, жол көрсетеді деген пікірін жеткізді. Университеттің де елдегі жаңғыртуларды бағдар ете отырып, жастарға білім берудің жаңа моделін қалыптастыру қажеттігін тілге тиек етті.

Тіл және әдебиет институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласбаева мақалада айтылған жаңғырудың аспектілерін негізге ала отырып, оқыту бағдарламасын жетілдіру керектігін сөз етті. Жанар Серкешқызы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары жоғары оқу орындарына үлкен міндеттер жүктейтінін, тамыры терең тартатын қазақ тілінің әліпбиі болашақ ұрпақ үшін бірқатар жеңілдіктер әкелетінін жеткізді.

Университет студенті София Штроға мақаладағы “Туған жер” жобасы үлкен әсер еткен екен. Ал Әмір Ахметжанов еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы нақты деректер келтіре отырып, өз ойын ортаға салды. Аделина Хисматуллина “ЭКСПО – 2017” көрмесіне қатысты әңгіме өрбітіп, біздің облыстан маңызды шараға еріктілер тобында атсалысатын жүзге жуық жерлесіміздің 48-і университеттің студенті екендігін хабарлады.

Маржан ЖЕҢІСОВА,

М. Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp