«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ҚАНАТЫНДА – ЖАҢА БАСШЫ

Оқушылар сарайында өткен “Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының ХVII өңірлік есеп беру-сайлау конференциясында атқарылған жұмыс қорытындыланып, алда тұрған міндеттер айқындалды.
Шарада сөз алған “Nur Otan” пар­­тиясы облыстық филиалы төра­ғасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова облыс тұрғындарының 19 пайызын жастар құрайтынын, ал партияның жастар қа­наты оларға қолайлы жағдай жасап жатқаны жайлы сөз сабақтады.

– Жастардың әлеуметтік желідегі белсенділігі жоғары. Бұл өскелең ұрпақтың басты қажеттіліктері мен өзекті мәселелерін анықтауға мүмкіндік береді. “Жастар – Отанға!” жаңа бағдарламасына ар­налған ұсыныстар да осы әлеуметтік желі арқылы қабылданды. Өскелең ұрпақ бұл талқылауларға белсенді қатысып, жаңа өзгерістерге дайын екендерін көрсетті. Жасотандықтардың жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың алдын алу жұмыстарынан тыс қалмайтыны да қуанарлық жай. Студенттік жатақханаларға жүргізілген тексерістер қоғамда үлкен қызығушылық тудырып отыр, – деген Әсем Қалашбайқызы партия жұмысына жастарды барынша жұмылдыру қажеттігін айтты.
Партияның белсенді жастары­ның өткен жылы және биылғы екі айда атқарған жұмыстары жайлы филиалдың төрағасы Абылайхан Қайроллаев баяндады. Ол өңір жастарын толғандыратын баспана, жұмыспен қамту мә­­селелерінен бөлек, бос уақытты тиім­ді пайдалану үшін бірқатар жобалар қолға алынғанын жеткізді.
Жергілікті жастар арасында саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу дәстүрі қалыптасқан. Жасотандықтар бес жылдан бері шағын футболдан “PetroLeague” және “PetroCup” турнирлерін ұйымдастырып келеді. Осы айда бастау алған кезекті жарыс­қа 41 командаға бөлінген 700 адам қатысуда. Турнир наурыз айында қорытындыланып, үздіктер анықталады.
Шараның қорытынды бөлімінде “Jas Otan” жастар қанаты облыстық филиалының жаңа төрағасы сайланды. Бұл жауапты қызмет Біржан Құдайбергеновке сеніп тапсырылды. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде техника ғылымдарының магистрі атағын алып, төрт жылдан бері партия жұмысына белсенді араласып келеді. Еңбек жолын партияның “Болашақ” филиалының атқарушы хатшысы болып бастаған, партия филиалында кеңесші болып жұмыс істеген.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген  Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp