Облыс басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалық етуімен жастар саясатын іске асыру жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды. Өңір жастарының арасындағы діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу туралы облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Мұратбек Зейнуллин баяндады.
Мұратбек Бегайдарұлы өзінің баяндамасында аймақтағы, оның ішінде жастардың арасындағы діни ахуалдың тұрақты екендігін, бұл ретте облыс көлемінде ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығын жеткізді. Басқарма жастардың діни сауаттылығын арттыру мақсатында облыстық ішкі саясат және жастар мәселелері жөніндегі басқармалармен бірлесіп, аудан орталықтарында, қала және ауыл мектептерінде, жоғары оқу орындары мен колледждерде семинарлар мен “дөңгелек үстелдер”, дәрістер мен тренингтерді өткізуді игі дәстүрге айналдырған. Облыс мешіттеріндегі имамдардың жастармен тығыз қарым-қатынас орнатуы үшін үстіміздегі жылы бес мешіт компьютермен жабдықталып, Интернетке қосылды. Бұдан өзге барлық аудан орталықтарында дін істерімен айналысатын 13 орталық жұмыс істейді. Осы мәселе бойынша сөз алған Тайынша ауданы әкімінің орынбасары Жанар Алданазарова да жастармен жұмыстың жандана түскенін жеткізді.
Облыс әкімі оған жастармен тығыз байланыста болып, жұмыссыз жүрген адамдардың тізімін жасап, оларды “Алабота” асылтұқымды мал шаруашылығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тарту туралы тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша сөз алған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов этномәдени бірлестіктердің жанындағы жастар ұйымдарының жұмысын тілге тиек етті. Өңірімізде жастардан құралған 104 этномәдени бірлестік бар. Соның бірі – облыс орталығындағы Достық үйінің жанынан ашылған “Бірлік” бірлестігі. Өңірімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын, ауызбірлігін арттырып, салт-дәстүрлер мен ұлттық ән-күйлерді насихаттауды мақсат еткен аталмыш ұйымға мемлекеттік тілді еркін меңгерген Екатерина Жукова жетекшілік жасауда. Сондай-ақ, Наиль Салимов Қазақстан халқы Ассамблеясының 2015 жылы тойланатын 20 жылдығына қызу дайындалып жатқандарын жеткізді. Осы орайда облыс әкімі Ерік Сұлтанов мемлекеттік қызметте істеп жүрген өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілге ықыластарын ояту керектігін айтты.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Амангелді Дүйсекин өңіріміздегі жастарды әскери-отансүйгіштікке баулу мәселелеріне тоқталды, барлық оқу орындарында жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін клубтардың жұмыс істейтінін айтты. Әсіресе, 10-11-сынып оқушылары үшін өткізілетін “Алғашқы әскери дайындық” пәні жеткіншектердің Отан алдындағы борышын сезініп, елін, жерін сүюге ықпал етуде. Осы мәселені талқылауға қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова облыс мектептеріндегі “Алғашқы әскери дайындық” пәнінен дәріс беретін 343 педагогтің 86 пайызының жоғары білімі бар екенін, олардың 25-інің қайта даярлау курсынан өткенін айтты.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаға, білім басқармасына мектеп оқушылары арасында “Мәңгілік Ел – біздің кемел болашағымыз” атты эссе жазудан байқау өткізуді, сондай-ақ, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясына “Қазақстан – бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі” тақырыбында этномәдени бірлестіктер құрамындағы жастар арасында сурет байқауын ұйымдастыруды тапсырды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.