Ислам – адам баласы Жаратқанға құлшылық етіп, шын ниетімен ғибадат қылу арқылы осы өмірдің дәмін татып, игілігін көріп және келесі өмірде ақырет рақатын көру үшін Алланың жіберген діні. Ол әуелі, адамгершілік жолы. Сондықтан ислам дінін гуманистік тұрғыдан қарастырған жөн. Осы гуманистік бастауды замандастарымызға тәптіштеп жеткізу – абыройлы міндетіміз. Тек осы жоғары құндылықтар ғана жастарды жақсылыққа итермелеп, бүгінгі заманда ілгері басуға көмектеседі. Мұның бәрін бойына сіңірген адам Отанды сүю, ар-ұят, намыс секілді қасиеттерді бойына сіңіреді.
Зарина ФАЙЗУЛЛИНА,
студент.
Исламның педагогикалық жағы мықты. Мәселен, ол адамның рухани құндылықтары: тәрбиелілігі, адамгершілік пен моральдық қасиеттері, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы жөніндегі идеяларды насихаттайды. Иланудың негізінде жастар бойына үш негізгі қасиетті дарытады. Біріншіден, адалдық, яки Отанға, сөзге, халыққа, махаббатқа адал болу. Ондай адамға сенуге де, арқа сүйеуге де болады. Екіншіден, жұбаныш, үміт, ол жақсының жаманды жеңуінен, әділдіктің әділетсіздікті жоюынан көрініс табады. Мұндай оптимизм адамға әлеуметтік тұрғыда дамуға мүмкіншілік беріп, арман-мақсатқа жетер жолын көрсетеді. Үшіншіден, сүйіспеншілік, өмірде ынталандыратын да осы деп білеміз. Осы айтылған қасиеттер исламның жоғары рухани күшін құрайтынын ұмытпағанымыз жөн.
Абай өмірде мақсатқа жету жолы – Алланы сүю деп көрсетеді. Отыз бесінші сөзінде екіжүзді қажылар мен молдаларды “адамның сайтаны – монтаны сопылар” деп суреттейді. Бұл әсіресе, біздің заманымызда өзекті. Өйткені, бүгінде кейбір жастардың дінге терең үңілмегендігінен, жаңсақ әрекеттері ара-тұра көзге түсіп қалады. Бәзбіреулер өзін діндар етіп көрсете жүріп, дінді әлі де терең игеріп, толық түсіне бермейді. Мұндайлар ұлы Абайдың Құдай мен адамның, өмір мен өлімнің, жан мен тәннің, иман мен ұяттың, дін мен ғылымның, дін мен дін иелерінің өзара байланысы туралы түсініктері әлі де ғибратты, нұсқалы екендігін ұқса игі. Өйткені, жастар – бүгінгі заманның келбеті мен еліміздің келешегі.