«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТЫҚ ПЕН МАСТЫҚ

Мас күйде көлік жүргізіп, өзінің ғана емес, өзгелердің де өміріне қатер төндіретін жауапсыз жастардың әрекеті жаға ұстатады. Мұндай жүргізушілерге қойылатын талап күшейіп, заң қатайғаны белгілі. Дегенмен, бұл шаралар жүгенсіз жүргізушілерді жөнге келтірер емес. Үстіміздегі жылдың басынан бері облыста орын алған он мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықтың 6500-ден астамы жолда жүру ережесін бұзуға қатысты. Соның ішінде ішімдік ішкен немесе жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан рөлге отырған жастар көп.

Өткен аптада облыс орталығында көлік басқару құқығынан айырылған мас жүргізуші Жамбыл және Интернационал көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасына себеп болды. “Volkswagen Passat” маркалы автокөлікті басқарған 22 жастағы қала тұрғыны “Toyota” маркалы көлікке соғылған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бірақ екі автокөлік те жүруге жарамсыз болып қалды. Тексеріс барысында үстіміздегі жылдың сәуір айында жас жүргізушісінің мас күйде рөлге отырғаны үшін жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Медициналық куәландыру қорытындысы оның осыған дейінгі заң бұзушылығы үшін алған жазасы сабақ болмағанын көрсетті, себебі осы жолы да ішімдік ішкені анықталды. Ережені бір емес бірнеше рет бұзған жүгенсіз жүргізушіге қатысты іс қозғалып, тиісті жаза тағайындалады деп сенеміз.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, биылғы жылдың басынан бері жүргізуші куәлігінен айырылған азаматтардың қайтадан рөлге отыруына қатысты елуден астам факті тіркелген. Бүгінгі күнге дейін олардың 25-іне қатысты сот үкімі шығып, кінәлілер өмір бойы автокөлік жүргізу құқығынан айырылды. Ал “ащы суға” тойып алып, рөлге отыратындарға берілетін жаза одан да ауыр болуы тиіс. Өйткені, мас жүргізушінің, ең алдымен, қылмыскер екенін естен шығармауымыз керек. Осыған қарамастан, биылғы жылдың өзінде өңірде полицейлер көлікті мас күйде басқаруға қатысты 36 істі сотқа жолдады. 19 қылмыстық іс бойынша 13 жүргізушінің бас бостандығы шектелді. Үшеуі жазасын түзету мекемелерінде өтесе, екеуі қоғамдық жұмысқа тартылды. Олардың барлығы өмір бойына көлік басқару құқығынан айырылды.

Осыдан, шамамен, бір ай уақыт бұрын Жамбыл ауданында орын алған оқиға да көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Мал өсірумен айналысатын кәсіпкердің қорасына түсіп, екі бұзауын ұрлаған заң бұзушылар көп ұзамай қолға түсті. Шал ақын ауданының 25 және 28 жастағы тұрғындары “ащы суға” тойып алып, көлік басқарып бара жатқан жерінде ұсталды. Оның үстіне олардың бірі бұрын сотталған болып шықты. Бұл бассыздықтары үшін олар заң алдында жауап береді.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, үстіміздегі жылдың басында заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының бірінші бөлігі бойынша ішімдік ішіп, рөлге отырған жүргізуші жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 күнге әкімшілік қамауға алынады. Ал егер де жүргізуші жазадан сабақ алмай, тәртіпсіздігін бір жылдың ішінде екінші рет қайталаса, оны сегіз жылға жүргізуші куәлігінен айырып, 20 тәулікке қамауға алу жазасы көзделген. Тәртіп сақшыларының тексерісі барысында ішімдік ішкен-ішпегенін көрсететін тесттен өтуден бас тартқандар да 8 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Жүргізуші куәлігінен айырылған адам рөлге отырса, он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп немесе 10 тәулікке қамауға алынады. Мас күйінде жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу салдарынан абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтірсе, жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыра отырып, 6-дан 8 жылға дейін түрмеге жабу жазасы кесіледі.

Көріп отырғанымыздай, тәртіпке бағынбайтын жүгенсіз жүргізушілерге қойылатын талап әлдеқайда күшейтілген. Өкінішке қарай, бұл жастарды жөнге салуға жетпей тұр. Өңірімізде мұндай заң бұзушылықтардың алдын алып, жастарды жолда жүру ережесіне бағынуға шақыратын іс-шаралар жүргізілуде. Облыстық білім басқармасы тәртіп сақшыларымен бірлесіп, “Қауіпсіз жол”, “Балақай, жолда абай бол!”, тағы басқа акцияларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Осылайша, өскелең ұрпақтың жастайынан тәртіпке бағынып, жолда жүру ережелерін меңгеруіне көмектесу көзделген. Бұл үшін ережелер нақты көрсетілген буклеттер де таратылуда. Осы сияқты сақтық шаралары көлік басқару кезінде ғана емес, жаяу жүргіншілер жолында да абай болу керектігін ескертеді.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында “Атырауда мас күйінде көлік жүргізген үш жүкті әйел ұсталды” деген тақырыппен шыққан жаңалық көпшіліктің жағасын ұстатқаны сөзсіз. Жас аналар болашақ нәрестелерінің денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, “ащы суға” тойып алып рөлге отыру арқылы өзгелердің өміріне де қауіп төндірді. Кішкентайларды тәртіпке шақырып, оларды заңға бағынуға үгіттеуі тиіс жас аналардың өздері осындай бассыздыққа барып жатса, өзгелер туралы не айтуға болады.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp