Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Жасыл ел” бағдарламасы еліміздің 14 облысында және 2 қаласында 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Осы жылдар ішінде біздің өңіріміз де жастардың қолымен абаттанып, көркеюде, гүлденуде. Аталмыш жалпыұлттық бастамаға үн қосушылардың жағдайы, жобаның мақсаттары мен міндеттері, олардың облысымызда орындалуы жөнінде “Жасыл ел” еңбек жасағы облыстық филиалының жетекшісі Асқар Баймұқановпен әңгімелескен едік.
– Асқар Қайыржанұлы, екі қолға бір күрек таба алмай, сенделіп жүрген жастардың, студенттердің жазғы маусымының бос өтпеуіне, жұмысқа орналасып, ақша табуына көп септесіп отырған жоба өңірімізде қалай орындалуда?
– “Жасыл ел” – жастардың еңбек жасағы. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған игі бастама – Елбасының жастарға жасаған жағдайы, нық сенімі, әкелік қамқорлығының көрінісі. Және сол сенім жобаның тұсауы кесілген алғашқы жылдарда-ақ өз нәтижесін беріп үлгерді. Мен екі жыл қатарынан “Жасыл елдің” сарбазы болып жұмыс істедім. Ішкі мазмұнына, жүктеген міндетіне және оның орындалу барысына қаныға бастаған күннен жобаның жетекшісі болу мақсатыма айналды. Ол мақсатым орындалды.
“Жасыл ел” уақытша мерзімде жүзеге асырылатын жалпыұлттық жоба болса да, оның жастардың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп көмегін тигізіп отырған жайы бар. Біріншіден, жұмыссыз, әсіресе, ауылдардағы екі қолға бір күрек таппай, сенделіп жүрген жастардың ақша тауып, өз қажеттіліктерін қамтамасыз етулеріне жағдай жасауда. Екіншіден, жазғы демалыста жүрген студенттердің алтын уақыттарын бос өткізбей, еңбекпен айналысуына, ата-аналарына ауырлық түсірмей, керек-жарақтарын өздерінің табуына ықпал етіп келеді. Үшіншіден, қоршаған ортаның жалынды жастардың құрыш қолдарының күшімен абаттанып, өңір экологиясының жақсаруына атсалысулары. Сонымен қатар, өрендер жоспарлы жұмысты орындап қана қоймай, жоба аясында өткізілетін жиындарға, басқосуларға қатысып, сол арқылы бойларына елжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді де берік сіңіре алады.
Жалпыұлттық жобаның біздің өңірімізде орындалу барысын біржақты баяндауға болмайды. Жасыратыны жоқ, соңғы үш жыл ішінде жұмыс істеуге тілек білдіргендердің саны 323-тен аспай тұр. Мұның да өз себептері бар. Өңір тұрғындарының, жастар санының аздығы да әсер етпей қоймайды. Екінші түйткілді себебі облыс аумағындағы орман мекемелерінің көбі ауылдарда, шалғай елді мекендерде орналасуында болып отыр. Атшаптырым жерлерге бару үшін соған жақын ауылдардағы өрендерді жұмысқа тартуға мәжбүрміз. Олардың өзі күн сайын апарып, алып келетін көлікке зәру, он-он бес шақырымдай жерге жаяу барып, жұмыс уақыты біте салысымен кері оралу кім-кімге болсын салмақ түсіреді. Осы мәселені алға тартып, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандарымен сөйлестім. Мәселенің оңтайлы шешілуіне қаржының тапшылығы қолбайлау болып отыр.
– Сонда жобаны жүзеге асыруға облыстық және республикалық бюджеттерден жыл сайын қанша қаржы бөлінеді?
– Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен тоғыз жарым миллион теңге бөлінді. Аталмыш соманың он еселенгені еліміздің Оңтүстік, Батыс, Шығыс Қазақстан облыстарына бөлініп жатқандығын естіп, қызыға қарайтынымыз да анық. Сондықтан да аталмыш өңірлерде жұмыс істеуге өтініш білдіргендердің қарасы қалың болады. Бір Шымкент қаласының өзінде 1500-2000 адам жазғы маусымда жұмыс істеуге тілек білдіріпті.
Алғашқы сауалыңызға қайта оралсам, әңгіменің түп төркіні орман мекемелеріне келіп тіреледі. Олардың орталық ауылдардан шалғай орналасқанын айтпағанда, орман мекемелері мамандары жұмысқа сонша адамды бір мезетте қабылдай алмайды. Өйткені, аймақтың санитарлық жағдайы көтермейді. Бүгінде Шал ақын ауданындағы Сергеев, Есіл ауданындағы Есіл, Айыртау ауданындағы Бұрлық, Ақан сері орман мекемелерінде жұмыс істейтін жастардың көбі жаяу қатынап, ассуларын да үйлерінен тасып жүр. Петропавлдағы өрендердің көтерген жүктері жеңілірек. Олар Қызылжар ауданына қарасты орман мекемелерінде жұмыс істеуде.
– Туған жерімді абаттандырамын деген жастардың еңбекақылары еңбектерін өтейтін болар?
– Олар ай сайын қолдарына қырық мың теңгеге жуық ақша алады. Одан өзге “Жасыл елдің” арнайы жазғы және күзгі киімдерімен қамтамасыз етіледі.
– Жобаның жүзеге асырылғанына биыл он жыл толды. Осыған байланысты Алматы облысына қарасты Талғар ауданында өткен салтанатты ашылу жиынына қатысып келдіңіз бе?
– Иә, Оңтүстік астанамыздың өлкесінде шара өте жақсы дәрежеде өтті. Оған өңірімізден төрт делегат бардық. Жалынды жастардың өз Отандарының гүлденуіне бір кісідей атсалысу қадамдарына сәттілік тілеген ел ағалары біздің құлшынысымызды арттырып, жұмыс істеуге деген ынта-ықыласымызды оятты. Аталмыш жобаның үстіміздегі жылғы жабылу салтанаты Астана қаласында Елбасының қатысуымен өтеді деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.