Агроөнеркәсіп кешені – Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Ауыл шаруашылығы саласы, әсіресе, астықты өңір Солтүстік Қазақстан облысы үшін ерекше маңызды. Алайда экономикалық өсіммен қатар экологиялық мәселелер де жылдан жылға ушығып келеді. Олар – топырақтың тозуы, су ресурстарының сарқылуы, биологиялық әртүрліліктің төмендеуі. Бұл ауыл шаруашылығына деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауды қажет етіп отыр.
Солтүстік Қазақстан – тәуекелді егіншілік аймағы. Климаттың өзгеруі салдарынан жауын-шашын мөлшері азайып, қуаңшылық жиілеп, шөлейттену үдерісі жүріп жатыр. Бұған қоса, ұзақ жылдар бойы химиялық тыңайтқыштарды шамадан тыс пайдалану топырақ сапасының нашарлауына және кейбір аумақтарда өнімділіктің төмендеуіне әкеп соқты. Мұндай жағдайда экстенсивті шаруашылық, яғни сападан гөрі санға басымдық беріп, экологиялық тұрғыдан теңгерімді тәсілдерге көшу қажеттігі артады.
Облыстағы бірқатар шаруашылықта дәл егіншіліктің элементтері енгізіліп жатыр. Яғни дрондар мен спутниктік суреттерге негізделген мониторинг жүйесі қолданылады. Бұл жүйе егіс алқаптарының жағдайын бақылауға, өнімділікті болжауға және тыңайтқыш мөлшерін жоспарлауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде химикаттарды пайдалану 20 пайызға дейін азайып, топырақ пен су ресурстарына түсетін жүктеме төмендейді.
– Ауыл шаруашылығын цифрландыру – өңірді дамытудың негізгі бақыттарының бірі. Бұл ауа райының әсерін азайтуға және біртіндеп дәл егіншілікке көшуге көп көмектеседі. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері жоғары өнім алып, еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізіп жатыр. Соның ішінде GPS-навигация, жанар- жағар май шығынын өлшейтін датчиктерді қолдану, алқаптардың электрондық карталарын, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдалану да бар.
Ауыл шаруашылығын цифрландыру тиімді басқаруға және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадамға айналған. Қазіргі уақытта 244 шаруашылықтың 89-ын – цифрлық, 106-сын – озық, 49-ын – базалық деп жіктеуге болады. Бұл – өңірдегі шаруашылықтардың едәуір бөлігі басқару, есепке алу және талдау үдерістерін жақсартуда заманауи технологияларды енгізіп жатқанын білдіреді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дәурен Тоқкужинов.
Өңір фермерлері өсімдіктерді қорғаудың биологиялық баламаларына көше бастады. 2011 жылы Есіл ауданы Покровка ауылында құрылған «Стрелец» жеке кәсіпкерлігі картоп өсірумен қатар биогумус өндіреді. Кәсіпкер Андрей Стрелецтің айтуынша, бұл істі бастаған кезде қиындықтар болған. Себебі картоп өсірумен айналысатын ірі агроқұрылымдар көп, олардың алқабы үлкен және өнім бағасы бойынша да бәсекеге төтеп беру керек. Ұтымды шешім іздеген кәсіпкер алдымен топырақты құнарландырып, сапаға жұмыс істеуді мақсат тұтқан. Сол себепті шаруашылық биогумус шығаруды қолға алады.
– Биогумус бізде жауын құртының көмегімен өндіріледі. Бұл жарты жылдық циклдың ішінде жүзеге асырылады. «Адымдаушы жүйек» технологиясын қолданамыз. Бұл Ресейде пайда болған, сол жерде білімімізді жетілдіріп, қажетті жауын құрттарды алып келдік. Жауын құрттың бұл түрі біздің климатқа бейімделген. -4 градустан бастап ұйқыға кетеді, +16 градуста, көктемде оянады. Сұйық биогумустың ерекшелігі – оны кез келген уақытта, жаңбырлы күні де, өсімдіктің кез келген фазасында да пайдалана беруге болады.
– Алғашқыда біздің ең басты тұтынушыларымыз көкөніс өсірушілер болды. Содан бері 14 жылдай уақыт өтті. Қазір биогумусты мал шаруашылығымен айналысатындар да сатып алады. Олар биогумусты қиды қайта өңдеу үшін пайдаланады, – дейді Андрей Стрелец.
Қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлік бір жылда 4 мың тонна қиды қайта өңдеп, 2 мың тонна биогумус алады. Бұл – органикалық тыңайтқышқа сұраныстың артқандығының дәлелі. Сондықтан кәсіпорынды кеңейтуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 200 тоннаға шақталған көкөніс қоймасын салу да жоспарланған. Сондай-ақ былтырдан бастап қылқан жапырақты ағаштарды және жеміс бұталарын өсіретін тәлімбақ шаруа шылығын да іске қосқан.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, солтүстікқазақстандық фермерлерді климаттың өзгеруіне бейімдеуде бірқатар басымдықты шара бар. Олар – құрғақшылыққа төзімді дақылдарды егу, қолдан суару жүйелерін, мысалы, тамшылатып суаруды жетілдіру, топырақ құнарлылығын сақтау үшін no-till технологиясын пайдалану, жаңбыр суын жинау және резервуарлар құру арқылы су қорын жасау және микроклиматты жақсарту үшін агроорман шаруашылығын біріктіру. Фермерлерді жаңа агротехнологияларға үйрету, климаттың өзгеруін бақылау және білім алмасу үшін диқандар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыру – маңызды шара. Бұл іс-шаралар климаттың өзгеруі жағдайында ауыл шаруашылығын тұрақты дамытуға көмектеседі.
Өңір аудандарында суармалы жерлердің аумағын біртіндеп ұлғайту бойынша іс-шаралар қолға алынған. Былтыр облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының, атап айтқанда дәнді және жемшөп дақылдарының өнімділігін барынша арттыру мақсатында 3,3 мың гектар алқапта су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, суармалы егіншілік бойынша жобалар іске асырылды. Қазіргі уақытта өңірде суармалы алқаптардың жалпы ауданы 9,4 мың гектарға жетті. Оның бір мың гектары тамшылатып, қалғаны себелетіп суарылады. Осы жылы суармалы алқапты 11,5 мың гектарға жеткізу міндеті тұр.
Бүгінде фермерлердің көпшілігі «жасыл» технологиялар мен экологиялық әдістер тек табиғатты қорғауға ғана емес, нақты экономикалық пайда әкелетініне де көз жеткізген. Экологиялық тәсілдер шығындарды қысқартып, өнім сапасын арттыру арқылы шетел нарығына шығу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар экосертификатталған өнімге сенім жоғары. Әрі климаттық және нарықтық тұрақсыздықтар жағдайында шаруашылықтың өміршеңдігін қамтамасыз етеді. Яғни бұл – ұзақ мерзімді табыстың кепілі.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».