Облыс орталығында дәстүрге сай жаңажылдық шыршаның шамы жағылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, жиналған қалың қауымға шын жүректен шыққан ақ тілегін жеткізді.
– 2015 жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын, ал жақында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өттік. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Бұл – жаңа белеске, жаңа жетістіктерге жетелейтін маңызды құжат, – деді Ерік Хамзаұлы.
Тарихи маңызы бар айтулы оқиғаларды тілге тиек еткен облыс әкімі әр салада қол жеткізген жетістіктерге тоқталып, барлық атқарылып жатқан игі шаралар ұлттың болашағы үшін істеліп жатқан жұмыс екенін атап көрсетті. Солтүстікқазақстандықтарды жаңажылдық мерекелердің басталуымен құттықтаған өңір басшысы барша қауымға денсаулық, бақыт, құт-береке тілеп, көппен бірге жасыл шыршаның шамын жақты.
Мерекелік кештің ойдағыдай өтуіне Петропавл қаласының шығармашылық ұжымдары атсалысып, ән мен биден шашу шашты.
Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетуге асыққан бүлдіршіндер ертегі әлемінің кейіпкерлерімен қол ұстасып, өлең айтып, кештің ажарын аша түсті.
Бұл күні түрлі түсті ойыншықтармен безендірілген шыршаны шыр көбелек айналған балалардың күміс күлкісі қыстың қытымыр суығында шуақты көктемнің жылы лебін әкелгендей болды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.