
Қаңтар айында өңір полицейлері үйлерінен өз еріктерімен кетіп қалған жеті жасөспірімді іздеп тапты.
Жасөспірімдер негізінен бос уақыттарын достарымен бірге өткізгенді қалайды. Көпшілігі ұялы телефондарын қосуды ұмытып кетеді немесе, керісінше, ешкім бөгет болмасын деп өшіріп тастайды.
“Ата-аналардың шамамен 70 пайызы өз балаларының кіммен араласатынын білмейді. Мәселен, жуырда 6-сынып оқушысы құрбысының үйінде отырып, түн болғанын байқамай қалыпты. Қызын екі сағат бойы өз бетінше іздеген анасы кейін полицияға хабарласуға мәжбүр болды. Ол баласы осы қызбен дос екенін білмейтін болып шықты. Абырой болғанда, іздестіру жұмыстары басталмай жатып аяқталды. Өйткені қыз бала үйіне өзі қайтып оралды”, – дейді қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлім бастығы Эльмира Абушева.
Полицейлер ата-аналарға балаларының достарымен танысып, олардың ата-аналарымен қарым-қатынас орнатуға кеңес береді. Кішкентай бүлдіршіндер мен дамуында ерекшеліктері бар балалардың киімінің қалтасына ата-анасының телефон номерлері жазылған қағаз салып жіберген жөн. Мұндайда смарт-сағат немесе GPS қызметі қосылған ұялы телефонның көмегі көп.
Үйінен кетіп қалған жасөспірімдер полицияның есебіне қойылады, олардың мәселесі жергілікті атқарушы орган жанындағы жасы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралады. Ата-аналарымен алдын-алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жағдай жүйелі түрде қайталана берсе, заңды өкілдері тәрбие жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мұндай шаралар өз нәтижесін бермесе, балалар арнайы білім мекемелеріне ауыстырылады.
Былтыр петропавлдықтар балаларын іздестіруге көмек сұрап 87 рет полицияға жүгінді. Балалардың дені бір сағат ішінде, 25-і бір тәулік ішінде табылды. Іздестіру жұмыстары барысында тәртіп сақшыларына “Қамқор” және “Лидер KZ” волонтерлер клубтарының мүшелері көмектеседі. Бұл ретте полицейлер іздеу жарияланғанын жылдам тарататын әлеуметтік желі қолданушыларына риза. Кей жағдайларда жас жолаушыларын есте сақтап қалған таксопарк жүргізушілері де көмекке келеді.