
Петропавл қалалық полиция басқармасындағы ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдердің қайыр тілеуінің алдын алу мақсатында кезекті рейд өткізді. Оған қалалық әкімдіктегі кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссияның өкілдері, прокуратура органдарының қызметкерлері, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен білім бөлімдерінің мамандары қатысты.
Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушеваның айтуынша, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар жұмысының басты мақсаты – жасөспірімдердің қайыр сұраумен айналысуының себептерін анықтау және алдын алу.
Бұл шара барысында “Тайга”, “Пирамида”, “Рахмет” сауда үйлерінің, “Алтын Арман” базарының және көтерме сауда орталығының жанындағы аумақтар тексерілді. Сонымен қатар темір жол вокзалы және мешіттердің маңайында рейдтік жұмыстар жүргізілді. Оның нәтижесінде тәртіп сақшылары облыс орталығының әр жерінде қолдарында қайыр сұрауға арналған жәшіктері бар төрт өренді кездестірді. Полицейлер балалардың ата-аналарымен хабарласып, әлеуметтік педагог және прокуратура өкілінің қатысуымен жасөспірімдердің қандай мақсатта қайыршылықпен айналысқанын анықтады. Жеткіншектер қайырымдылық қорларының азаматтық белсенділері болып шықты. Олар әр түрлі ауруға шалдыққан балаларды емдеуге ақша жинап жүр екен. Жасөспірімдердің тиісті құжаттары және келісімшарттары бар екені белгілі болды.
Облыстық полиция департаменті кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың алдын алуға арналған жұмыстарды ұдайы жүргізеді. Жыл басынан бері ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері 100-ден астам рейд өткізді. Оның барысында 743 жасөспірім ішкі істер органдарына жіберілді.