
Биылғы оқу жылының алғашқы екі тоқсаны онлайн режімде оқылып, оқушылардың көшеде жүруі жылдағыдай көп болмайтындығына қарамай, Петропавлдың полицейлері қалыптасқан дәстүрге сәйкес оқу жылының қарсаңында жасөспірімдермен профилактикалық жұмысты күшейтуде.
Әсіресе, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар қазір өз жұмыстарын қауырт режімге ауыстырған. Рейдтік іс-шаралар өткізіп, сондайдың бірінде ювеналдық полицейлер сағат 23-тен кейін Интернациональный көшесі бойындағы жалдамалы пәтерлердің біріне бас сұқты. Пәтерде он екі адам болған, үстелдің үстінде спирттік ішімдіктер тұрған. Жиналғандардың үшеуі ғана ер жеткендер.
Полицейлер енгізілген карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін оларға материал жинақтап, санитарлық-эпидемиялық қызметке жолдады. Тоғыз жасөспірімнің ата-анасына балаларының түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін, тағы біреуіне – баласының алкогольдік ішімдік ішкені үшін жауап берулеріне тура келеді. «Карантиндік шектеулер кезеңінде мектептен тыс білім беру ұйымдары жұмыс істемейді және балалардың бос уақыттарын өткізу ұйымдастырылмаған», — дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Эльмира Абушева. «Ювеналдық полиция қызметкерлері проблемалы отбасыларды барынша назарда ұстайды. Айта кететіні, жалға алынған пәтерде анықталған жасөспірімдер бұрындары полиция назарына ілікпеген. Бұл оқиғаның оларға сабақ болатынына және ересек өмірге аяқ басуы жауапкершіліктен басталатын естерінен шығармайды деп сенеміз», дейді ол.
Карантиндік шектеулер жеңілдетілгенімен полицейлер, педагогтер мен ата-аналар балалардың бос уақыттарын өткізулеріне бақылауды күшейту қажет екенін жақсы түсінулері керек. Олардың бірлескен басқосуларды міндетті түрде спирттік ішімдіктермен өткізу қажет делінетін әдеттерінің бұзылуына барлық қоғамымыз мүдделі болуы керек дейді полицейлер.