Солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары жоғалып кеткен үш жасөспірімді бір тәулік ішінде іздеп тауып, үйлеріне қайтарды.
Тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген қала тұрғыны 14 жастағы қызының кешке үйден шығып, хабарсыз кеткенін айтып шағымданған. Іздестіру шараларын қолға алған полицейлер алдымен жоғалған жасөспірімнің таныстарын сұрастырып, баруы мүмкін қоғамдық орындарды тексерді. Нәтижесінде 24 сағаттың ішінде қыз табылды. Оның өз үйінен безуіне анасымен жанжалдасуы себеп болған.
Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климовтың айтуынша, өздерін ержеттік деп есептейтін кейбір жасөспірімдер қараңғы түскенше серуендеп, үйде алаңдап отырған ата-аналарының қоңырауына жауап бермейтінді шығарған.
Осыған дейін хабарсыз кеткен тағы екі жасөспірім табылған болатын. Бір атап өтерлігі, жоғалды деген жасөспірімнің біреуі үйіне өз еркімен оралды. Іздестіру шаралары барысында екінші жас үйіне жақын жерден табылды. Ол қайда жүргенін бірге тұрып жатқан ағасына ескертпепті.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің бас маманы.