Тәртіп сақшылары жасөспірімдерге қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тарапынан құқық бұзушылықтардың орын алуына жол бермеу мақсатында Петропавлдағы бірқатар ойын-сауық мекемелерінде түнгі рейдтер өткізді.
Нәтижесінде ювеналдық полиция инспекторлары кәмелетке толмағандар тарапынан 13 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаған. Алкоголь ішімдіктерін ішу немесе 18 жасқа толмағандардың қоғамдық орындарда мас жүруі, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде серуендеуі секілді келеңсіздіктер жиі кездескен. Тәртіп бұзған жасөспірімдердің ата-аналары жауапкершілікке тартылды.
Облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, жыл басынан бері облыс аумағында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 52 тексеріс және 400-ден астам рейд өткізіліпті. Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта сыртта және ойын-сауық мекемелерінде жүргені үшін 1402 заңды өкіл мен ойын-сауық мекемелерінің 16 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқаны үшін 28 дүкен иесіне хаттама толтырылды. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 149 кәмелеттік жасқа толмаған және 185 тұрмысы жайсыз отбасы есепке алынды.