Петропавлда акробатикадан спорт шебері, бапкер Анатолий Ямпольскийді еске алуға арналған спорттық акробатикадан І халықаралық жасөспірімдер турнирі өтті. Біріншілік жүлделеріне Қазақстаннан, Ресейден, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан келген 120-дан астам спортшы таласты.
Республикалық және халықаралық жарыстарға іріктеу кезеңі болып табылатын сайыстың қорытындысына келер болсақ, 11-16 жас тобында өнер көрсеткен қызылжарлықтар Кирилл Молодецкий мен Антон Ямпольский (ерлер жұбы, спорттық акробатика), 10-18 жас тобында Александр Зотов пен Анастасия Бейсембаева (аралас жұп, спорттық акробатика) және 2001-2002 жылдары туғандар арасында сынға түскен Виталий Делль (акробаттық жолақ) жеңімпаз атанып, алтыннан алқа тағынды. Ал Алина Гасимова мен Алина Абуталипова (спорттық акробатика), Сергей Галицкий (батутта секіру) және Елизавета Мец (акробаттық жолақ) екінші орынға ие болса, Диас Сабыров (акробаттық жолақ), Александр Шашков (акробаттық жолақ) және Софья Колосова (акробаттық жолақ) үздік үштікті тұйықтап, қола медальды еншілегендердің қатарынан көріне білді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.