
Айыртау ауданында жасөспірім балалар мен қыздар арасында еркін күрестен III облыстық ашық турнир өтті. Ол Қарасай мен Ағынтай батырларды еске алуға және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Турнирде аудан әкімі Ағзам Тастеміров қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, балуандарға сәттілік тіледі.
Ашық турнирде Астана, Көкшетау, Павлодар, Жезқазған, Ақтау, Қостанай, Петропавл, Щучье, Макинка қалаларынан және Солтүстік Қазақстан облысының аудандарынан келген ұл-қыздарымыз боз кілемде бақтарын сынады. Балуандар 22-62 килограмм салмақ дәрежесінде белдесті. Қаз КСР-нің еңбек сіңірген бапкері, әлем чемпионы, турнирдің бас төрешісі Қобыланды Шәкіров жас спортшыларға сәттілік тілей отырып, балуандардың алғашқы жұбын боз кілем төріне шақырды.
Халқымызда “Белдескеннің белін үз, тірескеннің тізесін бүктір” деген қанатты сөз бар. Екі күнге созылған дүбірлі додада шашасына шаң жұқтырмай, оза шапқан балуандар жеңіс тұғырына көтеріліп, өздерінің спорттық өмірлеріндегі кезекті белесті бағындырды.
Турнир жеңімпаздары арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мақпал ӘЛМАҒАНБЕТОВА.
Суретті түсірген автор.
Айыртау ауданы.