“Жастар жылы” аясында облыс орталығындағы Оқушылар сарайында “Jer. Jiger. Jastar” атты халықаралық жас депутаттар форумы өтуде. Шараға елімізбен қатар көршілес Ресей елінің жастары да қатысуда.
Жиынды ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Ирина Тухватулина кейінгі толқын өкілдерін белсенді де бастамашыл болуға шақырды.
– Біздің облыс жас депутаттардың саны жағынан ел бойынша үшінші орында. Бұл – жастардың белсенділігінің, аға буынның оларға деген сенімінің белгісі. Елімізде жастарды қолдауға арналған “Дипломмен – ауылға!”, “Zhas project” сияқты түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда, – деді Ирина Тухватулина. Өңір жастарының 60 пайыздан астамы ауылда тұрады. Биыл “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша облысымыздың елді мекендеріне жұмыс істеуге 363 жас барған. Ал “Zhas project” жобасының арқасында 67 қыз-жігіттің жобасы қаржыландырылған. Олардың 38-і – ауыл жастары.
Бұдан соң жиында Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Владимир Витченко, “Омбы жастары” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Егиян Сюзанна және тағы басқа спикерлер сөз сөйледі. Бұл жайында толығырақ газетіміздің келесі нөмірінен оқи аласыздар.