«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ЖҮРЕКТІ ЖАУЛАҒАН МАҒЖАН ЖЫРЫ

Шабытының желдей ескен шағында өзін отқа, патшаға, пайғамбарға, тіпті, Тәңірге балаған ұлы Мағжан бүгінгі таңда алты Алашты табындырып, осынау өзіне теліп айтқан теңеулеріне шәк келтірместен, атқан таңның, шыққан Күннің, туған Айдың ақиқатындай тәнті еткізгенін мойындамасқа лаж жоқ. Қазіргі уақытта өлеңдері өзге ақындарды алдына түсірместей ардақталатыны да анық. 

Осы орайда 2004 жылдан бері жалғасып келе жатқан республикалық “Мағжан оқулары” байқауы Қазақ даласының өн бойына жайылып, Атырау-Алтай, Есіл-Іле арасын шарлап кеткен. Тіпті, Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен, Новосібір өңірлерінің қазақтарына Мағжан жыры қымбат болғанын естіп, бөркімізді аспанға атып жүрміз.

Биыл оныншы мәрте өткізілген байқауға еліміздің орта оқу орындарын және Омбы облысындағы Қасқат мектебін қосқанда, елуге жетіп жығылатын шәкірт Қызылжарда тоғысып, Мағжанға табыну, шығармаларын тану бойынша сайыстарда бақтарын сынады.

Адам айтса нанғысыз, осы оқушылардың арасында Мағжанның екі жүзден аса өлеңін жатқа айтатындар да барын білдік.

Оқушылар осындай біліктілігін үш аталымда айғақтауға талпынды. Алғашқысы – “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” деген сынақ. Он төрт талапкер аламанға ат қоса жөнелді. Әлқисасын өз өңіріміздің үкілеген үміті – Шал ақын ауданындағы Алқағаш негізгі мектебінінің 8-сыныбында оқитын Үміт Көбеген бастады. Бірнеше өлеңдерді жатқа оқығанда мүдірмеді. Абдырауы, қысылып-қымтырылуы байқалмайды. Әсіресе, ақынның “Анама” өлеңін жан тебіренте айтып берді.

Жүлдеден құралақан қалмас деп үміттенген едік. Алайда, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген он екі жасар Ақжол Әзірбай мен семейлік Рыскүл Досжанова тіпті де тамсантты. Әсіресе, Ақжолдың жыр оқу мәнері сүйсіндірген еді. Бас жүлде оған да бұйырмай, оны Мағжанның екі жүзге тарта өлең-жырын жаттаған және “Қойлыбайдың қобызы” поэмасынан қазылардың талабы бойынша кез келген жерінен мүдірместен үзінді оқып берген Рыскүл қанжығасына байлап кетті.

Сонымен, бұл аталымда А. Әзірбай – бірінші, Ү. Көбеген мен ақтөбелік Гүлфира Қожан – екінші жүлделерге ен салды.

Ең тартыстысы – екінші аталым. Бұл оқушы балалардың Мағжанға арнаған өз өлеңдерін және еркін тақырыптағы жырларын ұсыну сынағы еді.

Осы орайда Маңғыстау, Атырау, Семей, Павлодар өңірлерінің өрендері және астаналық жас ақын өлеңге таластарының тиянақты екендігін айғақтады.

Бірінші орынды екі үздік жас ақын, Атыраудың Жылыойынан келген Асланбек Шағыров пен астаналық Елдос Әңкей бөлісетіні сезілді. Ақыры, ең үздік жүлдені елорданың Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектебінің алтыншы сыныбында оқитын Елдос еншіледі.

Бұл сынақта бақ сынаған Қызылжардағы классикалық гимназияның жетінші сыныбының оқушысы Әйгерім Тасболатова үшінші жүлдені місе тұтты.

“Толқын мен толқын сырласып” деп аталған үшінші сынақ та балалардың Мағжан өмірі мен өлеңдерін көңіл толатындай зөрделегенін байқатты.

Бұл аталымда біліктілік танытпақ болғандар ақын шығармалары бойынша зерттеулерін ұсынды. Жарысқа түскен он төрт талапкердің озығы Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласының №15 мектебінде оқитын Мейрамбек Бөрібаев ақынның “Пайғамбар” өлеңін саралаған зерттеуін тиянақты, ғылыми дәйктемелерге сүйене отырып, зердемізге құйып берді. Бұл аталымда үшінші орынға біздің өңіріміздің намысын қорғаған Явленкадағы Аяған Шәжімбаев атындағы қазақ орта мектебінің оқушылары Айымгүл Кенбаева мен Наталья Пулатова лайық болды.

Қазылар алқасының бір мүшесі ретінде мені Көкшетаудағы №3 мамандандырылған қазақ мектеп-интернатының жетінші сыныбында оқитын Алина Соколова сүйсінткенін айтуға тиіспін. Оның қазақ тілінде өте жатық, шебер сөйлеуі тыңдаған жанға бір ғанибет. Бірақ зерттеудің мазмұн аясы тарлау, талдаулары толыққанды емес.

Бүкіл Қазақ елінен жиналған оқушылар, олардың ұстаздары байқау басталар алдында вокзал алаңындағы Мағжан ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысса, келесі күні ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылына аттанып, осында жүлдегерлер марапатталды.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, қазылар алқасының

мүшесі.

СУРЕТТЕ: Ү. КӨБЕГЕН.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp