«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАС ЖҮРЕК ЖАЙЫП САУСАҒЫН”

Алдағы жылы данышпан ақын, ұлы ойшыл, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Осынау мерейлі шараға орай бүгіндері жер-жерлерде ақынның бай шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттау мақсатында түрлі рухани іс-шаралар өткізілуде. Петропавлдағы №25 жалпы білім беретін мектепте облыстық жастар мәслихаты мамандарының ұйымдастыруымен өткен Абай оқулары байқауы да осы мақсатты көздеді. 

Байқауға қатысуға өтініш білдіргендердің қатары аз болмады. Өңіріміздің барлық аудандары мен Петропавлдағы білім ордаларынан бақтарын сынаған жүзден астам өрен өздерінің өнерлері арқылы ғұлама Абайдың шығармаларына деген сүйіспеншіліктерін аңғартты.

Бар ғұмырын қазақтың көсегесінің көгеруіне арнаған ақынның жүздеген өлеңі мен қырық бес қарасөзі ұлттық құндылықтарымыздың қайнарындай әдебиет айдынына кеме жүзгізген жандардың бағдаршамына айналған. Одан өзге поэмалары, мысалдары мен аудармалары кітап болып басылып, әлем елдерінің елуге жуық тіліне аударылған. Байқауға қатысушылар кемеңгер тұлғаның өлеңдері мен қарасөзін жатқа айтып, әртістік қабілеттерін паш етуге тырысты. Әрине, сайыс болған соң бірінің топ жарып, екінші талапкердің кемшін түсіп жататыны заңдылық. Бір айта кетерлігі, бұл додада орыс мектепте-рінде білім алып жүрген жастардың көп болуы мерейімізді асыра түсті.
Ақынның барлық шығармаларының шоқтығы биік. Әсіресе, пенденің өн бойындағы құбылмалы көңіл күйін мақтамен бауыздағандай жеткізген “Адамның кейбір кездері”, үсті-басын қырау шалған табиғат кейпін жанды негізде суреттеген “Қыс”, адам баласының бесіктегі шағынан қартайғанға дейінгі әрекетін әсерлі өрген “Балалық өлді, білдің бе?” сияқты туындылары “тілге жеңіл, жүрекке жылы” тиюімен ерекше. Одан өзге қазақтың нанымсыз кейбір мақалдары мен бойындағы мінін айтқан қарасөздері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, өзінің мән-мағынасын жоймай келеді. Сайысқа қатысушы үміткерлердің дені ақынның осы шығармаларына екпін берді.
Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы үміткерлердің ең алдымен дауыс ырғағына, шығарманы жеткізе алу шеберлігіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударды. Қорытындысында үш талапкерге (Әскери институттың курсанты Жарқынбек Ермаман, №6 Қожаберген жырау атындағы мектептің оқушысы Айнұр Тілегенова, Аққайың ауданындағы Полтовка орта мектебінің оқушысы Шукрона Халилова) Ерік Асқаров, Кәкімбек Салықов атындағы және “Көрермен көзайымы” ынталандыру жүлдесі берілді. Жүлделі үшінші орынды Сәбина Жасұланова иеленсе, екінші орын Милана Құрмановаға табыс етілді. Ал ақынның “Ескендір” поэмасын жатқа айтып, туындының мазмұнына сәйкес қойылым көрсеткен Жамбыл ауданындағы Баян орта мектебінің оқушысы Гүлназ Теңсеп бірінші орынға лайық деп танылды.
 

 

Нұргүл ОҚАШЕВА,
  “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp