
Жуырда аудан орталығында жастардың қатысуымен өткен отбасы мәселелеріне арналған “дөңгелек үстел” отырысына қатыстым. Кейінгі буын өкілдері жас отбасылардың бүгінгі жағдайын, тыныс-тіршілігін талқылады. Байқауымша, мұндай отбасыларда кездесетін проблемалар көп екен.
Мәселен, тәрбие мен отбасылық құндылықтар деңгейінің төмендігінен бүгінгі таңда ажырасу оқиғалары белең алған. Жастардың өздерінің айтуынша, отбасын құру жан-жақты жоспарлауды қажет етеді. Облыстық статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыс бойынша шаңырағы шайқалғандардың қатары едәуір артқан. Бұл кезеңде 4813 жұп некесін қиса, соның тең жартысына жуығы ажырасып кеткен. Әрине, мұндай келеңсіздіктердің салдарынан өңірімізде толық емес отбасыларда туатын балалардың саны арта түседі. Дүниеге келген қаншама сәби осындай отбасыларда тәрбиеленуде. Алдыңғы толқын өкілі ретінде бұл мәселе мені де қатты алаңдатады. Сондықтан жастарға ағалық ақылымды айтайын деп қолыма қалам алдым.
Ата-бабамыз отбасының берік болуына о бастан зор мән берген. Мәселен, жаңадан отау құрғандар алғашқы жылдары ата-анасымен бір шаңырақ астында тұрып, отбасы болудың қыр-сырына қаныққан. Ақсақалды атаның, ақжаулықты әженің ақыл-өсиетіне құлақ түрмеген жас жұбайлардың некесі ұзақ болмайтынын үлкендер жақсы түсінген. Бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті де ата-бабамыз осындай дәстүрдің негізінде өз бойына сіңірді емес пе? Ұрпақтар сабақтастығы берік орнаған отбасындағы бала жастайынан әкесі мен анасына еліктеп өседі. Халқымызда “әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” деген сөздер осыдан туса керек.
Ал бүгін қалай? Саналы да, салауатты тәлім-тәрбие алды дегенімен, болашақ өмірде бірге болуға серттескен жастар “үйлену оңай, үй болу қиын” екендігін түсінбей, нәтижесінде ажырасуға мәжбүр. Жұрттан қалмаймын деп қарызданып, соңғы қаражатымен той жасаған ата-аналары да бұл мәселеде өз баласының сөзін сөйлеп, шаңырағы шайқалғалы тұрған жастарды қайта қосудың орнына жағдайды ушықтырып жібереді. Туған-туыстары да көңілдері жараспай қалған жас жұбайларға дұрыс жол сілтемейді. Ал бұрын қалай еді? Отбасында ұрыс-керіс болса, ағайын-туыс ерлі-зайыптының үйіне жиналып, оларды татуластыру үшін жөн сөздерін айтқан. Ал қазір тек алыстан бақылап, жас жұбайлардың қарым-қатынастарына араласпай, тағдыры қыл үстіндегі балалардың алдағы өміріне алаңдамайтындай кейіп танытамыз. Көпшілік жеке отбасының өміріне араласудың қажеті жоқ деп санауы мүмкін. Бірақ бұл – қате пікір. Қызының сөзін сөйлеп, күйеу баласын жамандап отырған енені де, көзінің қарашығындай жалғыз ұлын келінінен қызғанып, қызғыштай қорып отырған ананы да көріп жүрміз.
Өркениетті елдердің соттары неке бұзу ісіне зор жауапкершілікпен қарайды. Және мұндай істер ұзақ қарастырылады. Сөйтіп, сот отбасын сақтап қалуға тырысады. Өйткені, отбасы мықты болса, соғұрлым ел қуатты.
Бізде де күні кеше ғана дүбірлетіп той жасап, ата-аналарын қуанышқа бөлеген жастардың ажырасу мәселесі үстірт қаралатын істердің қатарынан болмағаны жөн. Мұндай істерді шыдамдылықпен, ізгілікпен зерттеп, керекті жерде жастарға ақыл-кеңес беріп, олардың шаңырағын құлатпауға барынша күш жұмсаған дұрыс деп ойлаймын. Әр судья ажырасуға келген жұбайларды шынайы түсінуге тырысуы қажет. Сот тәжірибесінде судьялардың көмегімен некелері бұзылмай, жарасып кеткен жұптар аз емес. Жас шаңырақ иелеріне жан-жақтан тілектестік білдірген жағдайда ғана олардың жұптары жазылмайды.
Қасым ҒАЙСАҰЛЫ, зейнеткер.