«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ИНЖЕНЕР

Қазақта “Болар бала бесігінде бұлқынар” деген нақыл бар. Кішкентайынан түрлі үйірмелерге қатысып, аудандық, қалалық, облыстық, тіпті, республикалық додаларда жеңіске жеткен балғындарымыз баршылық. Сол себепті “Балалар әлемі” бетінде биікке ұшпаса, құмары қанбайтын құстай ұмтылып, алғашқы жеңістеріне жеткен жас жеңімпаздарымыз жайлы әңгімелеуді жөн көрдік.

Егор Цалковский (суретте) – облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының 8-сынып оқушысы. Ол жуырда мектеп қабырғасында өткен “Білім және денсаулық” көрмесіне қатысып, өзінің ғылыми жобасын ұсынды. Егор физика пәні бойынша зерттеу жүргізген.  

Заманның екпіні ескен жобасында Егор қуат көзін табиғаттан алудың жолдарын қарастырып, сол арқылы жасыл экономиканың тиімді тұстарын өнеркәсіпте, ауылшаруашылық саласында қолдануға болатындығын дәлелдеген. Егор су, шприц, сым, ағаш қиындылары және қаламсап арқылы көтергіш кран ойлап жасаған. Шприцтегі судың мөлшері азайып, көбейген тұста көтергіш кран жұмыс істейді. Кран кәдімгідей қалағымен дәнді дақылдарды тасымалдай алады. Егордың көтергіш краны ойыншық болып көрінгенімен, инженерлік еңбектің бастамасы екені даусыз.

 Егор Петропавлдағы қазақ-түрік лицейіне биылғы оқу жылында қабылданыпты. Ол – Тайынша ауданының Леонидовка ауылының тумасы. Бүгіндері поляк баласы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгеруде. Егор үш тілде сабақ беретін мектепте оқитынын мақтан тұтады. Оны, әсіресе, физика, математика, химия пәндері қызықтыратынын айтады. Десе де, мемлекеттік тілге ден қойып, болашақта инженерлік бағытта білімін ұштамақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp