«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС КЕЛІН, СЕН ДЕ ТЫҢДА!

Сізді жаңа әулетте ешкім жақсы танымайды. Сондықтан сіз туралы пікір сыртқы келбетіңізге қарап қалыптасады. Ендеше көңіл күйіңізді түзеңіз. Қабағыңызды түйіп немесе жөнсіз күліп отыруға болмайды.

Киім таңдауда сақ болыңыз. “Адам көркі – шүберек” екені рас, бірақ көрікті боламын деп шектен асудан аулақ болыңыз. Етегіңіз ұзын, көкірегіңіз жабық болсын.

Ендігі кезекте сынға алынатыны – сөзіңіз. Сөз түзелсе, іс түзеледі. Ойланып, әрбір пікірді сараптап жеткізіңіз. Ешкімге, әсіресе, үлкендерге дауыс көтеріп сөйлеп қалудан абай болыңыз.  

Қазақ келінінің арқалаған жүгі ауыр. Өмірге ұрпақ әкелумен қатар, бір әулеттің үрім-бұтағын көбейту, келін боп босаға аттау бұл – үлкен қуаныш, зор мәртебе. Лайықты болыңыз. Бір үйдің қанша еркелеген қызы болсаңыз да, ендігі атыңыз келін екенін жүрекпен де, іспен де бекітіңіз.

Алғаш келген күні “шаршадым”, “демалайын”, “ертең жасайын” деген ойдан да, сөзден де аулақ болыңыз.

Серігіңіз сабыр болсын. Қандай қиындық туса да, сабырмен қарсы алыңыз.

Жарыңыздың бауырларын өз туғандарыңыздан бөліп-жаруды доғарыңыз. Олар болашақта сіздің балаларыңыздың қорғаны болады.

Енеңізбен ешқашан ерегісуші болмаңыз. Ол да – ана. Ол сіздің жарыңызды, сіздің болашақ балаларыңыздың әкесін тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкелді. Түн ұйқысын төрт бөліп өсірді. Енеңіз ең үлкен құрметке лайық. Өз ата-анаңызды қалай жақсы көресіз, қалай қадірлейсіз, оған да дәл солай қараңыз.

Өз ісіңіздің шебері болыңыз: тағам әзірлеу, үй жинау, кір жуу, қонақ күту жұмыстарын жақсы меңгерген болсаңыз, ешкім де сізге теріс қарамайды.

Жақсы келін өз отбасының жаманын жасырып, жақсысын асырып жүруі керек.

(Материал ғаламтордан алынды).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp