«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС КҮЙШІЛЕР ЖАРҚЫЛЫ

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында жас домбырашылар арасында өткен сайыс «Күй керуен» деп аталды. Өнер додасына 40-тан астам жас қатысты. Қатысушылар жас ерешеліктері бойынша топтарға бөлініп өнер көрсетті. Сахнаға шығу реті жеребе бойынша анықталды.

Өнер додасына бақтарын сынауға келгендердің дені Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов, Тайынша аудандарының оқушылары. Кіші топқа Құрманғазының «Балбырауын» және «Бозшолақ» атты қос күйін орындау алдын ала тапсырылған екен.

– Рухани нәр сыйлайтын туындыларды орындау арқылы талабымызды ұштай түсеміз. Менің атам домбыраға әуес болған. Өсе келе менің де төл аспапқа деген құштарлығым оянды. Бұл сайысқа 2-3 айдай дайындалдым, – дейді Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы Әлтәйір Абзакиров.

Білім ордасы жанындағы «Өнер» орталығының меңгерушісі Дәмеш Құрманкина осындай байқаулар өскелең ұрпақтың ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Байқауға орталық атынан 17 оқушы қатысты.

Облыстық байқаудың бас жүлдесін Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп- гимназиясының оқушысы Арслан Біркен жеңіп алды. Өнерлі жасқа 100 мың теңге табысталды, жүлделі орын алған өзге жеткіншектер де сыйлықсыз қалған жоқ.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp