«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жас кәсіпкер сән үйін ашты

Солтүстік Қазақстан облысында «Жас кәсіпкер» жобасының түлегі Зарина Мавляни сән үйін ашты. Дизайнер «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге грант ұтып алып, арманын орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл тұрғыны, талантты бойжеткен Зарина Мавляни үш жыл бұрын «Жас кәсіпкер» жобасына қатысып, екі апталық курстан өткен. Қолөнерші грант ұтып алып, оған өзінің алғашқы тігін машинасын алды. Бұған дейін тапсырысты тек қолмен орындап келген қыздың жұмысы жеңілдеді.

«Кәсіпкерлікпен жеті жыл бұрын айналыса бастадым. Бастапқыда бутик ашып, тігу мен тоқуға арналған түрлі фурнитураларды саттым. Кейін өзім қолөнермен айналыса бастадым. Басында түрлі әшекейлер жасадым. Кейін ұлттық нақышта киімдер – қамзол, сәукеле тіге бастадым. Бірақ шеберлігімді шыңдағым келді. Осылайша түрлі шеберлік сағаттарына қатыса бастадым. Ал 2019 жылы СҚО кәсіпкерлер палатасының «Жас кәсіпкер» курсынан өттім. Грант алып, ісім өрге басты. Ұлттық үлгіде той көйлектерін тігемін», – дейді Зарина Мавляни.

Биыл кәсіпкер өзінің екінші грантын ұтып алды. Ол «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына қатысып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры 5 млн теңге берді. Ол қаражатқа өнеркәсіптік тігін машиналарын сатып алды. Сән үйін ашты. Бұл жерде дайын өнім бар, сондай-ақ ұлттық үлгідегі киімге тапсырыс та беруге болады.

«Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» бағдарламасының түлектері кәсіп ашып, алған білімдерін іс жүзінде қолданып жатыр. Зарина – соның бір мысалы ғана. Ол бизнесін дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын да ашады», – дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Арман Оразғұлов.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp