Кез келген адам тәжірибесінің жоқтығынан өзінің кәсіби жолына түскенде қиындықтарды басынан өткереді. Мұғалімнің қалыптасу жолы өзге мамандықтарға қарағанда қиынырақ, күрделірек болады. Мұғалім болу үшін аудиторияда берілген бағдарламалық білім жеткіліксіз. А. Макаренко айтқандай, мұғалімнің әдістемелік білігі мен педагогикалық техника жетістіктерін шебер ұштастыра алатын жеке сапасы болуы керек. Сонымен қатар, мұғалімдік шеберлікті педагогтен оқушыға жеткізе білу машығы қажет. Жас маманға осыны үйрететін тәжірибелі мұғалімдер.
Мен үшін тәлімгерлік өз біліктілігімді көтерудің, еңбек әрекетімнің инновациялық мазмұнын дамытудың, кәсіби құзыреттілік деңгейге шығуымның ең тиімді жолы. 20 жылдан астам еңбек өтілім бар, жоғары санатты ұстаз болғандықтан, ұжымға жұмысқа жаңа келген Елена Александровна Песоцкаяның тәлімгері болдым. Бірінші күннен бастап жас маманның осызаманғы мектепке бейімделуі үшін әдістемелік-ұйымдастыру жағдайын жасап, педагогикалық шеберлік әліппесін үйрете бастадым. Еңбегім зая кетпегеніне тәлімгерлер мен осы салада 3 жылға дейінгі еңбек өтілі бар жас мамандар арасында ұйымдастырылған “Педагогикалық дуэт” байқауына Елена Александровна екеуіміз жұп болып қатысқан кезде көзім жетті.
Байқауда әркім өзінің озық тәжірибелерін ортаға салды. Сайыс ақпараттық-әдістемелік мәліметтер базасына айналды. Облыс пен қала мұғалімдерінің арасында үздік шеберлік сыныптары көрсетілді. Облыс педагогтерінің қызығушылығын тудырған байқауда мен “Оқушылардың байланыстыра сөйлеуін дамытудың жүйелі әдісі” бойынша іс-тәжірибемді және “Менің педагогикалық кредом” атты шығармашылық эссемді жас мамандарға таныстырдым. Тәжірибемді сипаттау кезінде өз жұмысымның ғылыми-педагогикалық тұжырымдамасын бөліп алып, төменгі сынып оқушыларының байланыстыра сөйлеуін дамытуға қатысты мәселелерді оқу үдерісінің түрлі үлгілері арқылы қарастырдым. Елена Александровна “Мұғалім – ол мамандық емес, мұғалім – өмір сүру үлгісі” деген ұранды негізге ала отырып, өзінің ұстаздықты неліктен таңдағаны жайлы әңгімеледі. Біздің бірлескен жұмысымыздың жоспары, ең үздік деген сабақтардың конспектілері, сыныптан тыс шаралар қатысушылардың назарына ұсынылды.
Байқауда “IDEAL” стратегиясын пайдалану арқылы көркем мәтінмен жұмыс кезінде проблемалық жағдаяттарды шешу” тақырыбындағы шеберлік сыныбым көрсетіліп, жас маман Елена Песоцкаяның “Коммуникативті оқушы – бәсекеге қабілетті тұлға” тақырыбындағы педагогикалық жобасы қорғалды. Біз бұл тапсырмаларды абыроймен орындап шықтық. Мұндағы айтпағым, байқау біздің өз әлеуетімізді, педагогикалық қызметіміздегі жетістіктерімізді, оқушылар және ата-аналармен жұмысымыздағы нәтижелерімізді толық көрсетуге мүмкіндік берді. Педагогикалық дарындарды анықтап қана қоймай, мұғалім беделін қолдап, шығармашылыққа жаңа тыныс ашты. Мұғалімдер кәсіби жаңа сатыға көтерілді. Олардың жұмыстағы нәтижелері мектеп пен сынып ішінде шектеліп қалмай, көпшілік назарына ұсынылды. Ол арқылы оқытудың қызықты жаңа әдістемелері мен тәсілдері тәжірибеге енгізіліп, отандық білім беруді дамытуға тиімді ықпал етті.
Мұғалімнің дарыны ол алдымен зор еңбекті және өз мамандығыңа деген сүйіспеншілікті қажет етеді. Жас мамандарға айтарым, ойларыңызға алған армандарыңызды жүзеге асыру үшін талмай еңбектену керек. Оқудан, үйренуден талмаңыздар. Өйткені, осызаманғы жоғары білікті мұғалім пән бойынша терең білім беруші ғана емес, ол нағыз шығармашыл, өз ісіне шексіз берілген адам.
Жанна ГОРБУНОВА,
“Дарын” мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі.