
Петропавл қаласында “Адал ұрпақ” ерікті мектеп клубтарының екінші облыстық слеті өтті. Сыбайлас жемқорлықсыз болашаққа ұмтылған мектеп шәкірттері өткен оқу жылында атқарылған жұмысты қорытындылап, қатарларына жаңадан қосылған еріктілерді қабылдады. Ауқымды шараға өңіріміздің әр ауданынан келген 600-ге жуық оқушы қатысты.
Өңіріміздің әр түкпірінен келген клуб мүшелері алдымен Тұңғыш Президент саябағында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті мен “Қоғамдық келісім” КММ-і мамандарының ұйымдастыруымен өткен квест ойындарына қатысып, бойындағы білімдері мен тапқырлық қасиеттерін ортаға салды, спорттық даярлықтарын да көрсетті. Кейін бұл шара “Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз!” ұранын ту еткен жастардың шеруіне ұласты. Жас патриоттар слетінің салтанатты бөлімі Жастар сарайында өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет қатысып, бір мүдде аясында жиналған оқушыларға құттықтау сөзін жеткізді.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңызы зор. “Адал ұрпақ” клубы жеткіншектерге парақорлықтан ада болуды дәріптей отырып, зор рухани-адамгершілік тәрбие береді. Жылдан-жылға клуб мүшелерінің қатары артып келе жатқаны қуантады. Бұл жарқын келешекке жол бастайтын адал ұрпақтың өсіп келе жатқанының белгісі, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.
Бұл күні “Адал ұрпақ” клубының қатары отыз оқушыға толықты. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Елена Степаненко мен облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жас жеткіншектердің кеуделеріне “Адал ұрпақ” белгілерін қадады. Шара барысында “Адал ұрпақ” клубының белсенділері мен жетекшілері облыс әкімінің Алғыс хатына, департамент тағайындаған әртүрлі марапаттарға ие болды. Парақорлыққа қарсы үздік акция мен флешмоб ұйымдастырған Шал ақын ауданындағы Есім Шайкин атындағы , “Парасатты мектеп” деп танылған Тайынша ауданының Келлеровка, үздік насихаттау жұмыстарын жүргізген Уәлиханов ауданының Бидайық және “Ең белсенді клуб” атанған Мамлютка қаласының №2 орта мектебі сынды ұжымдар марапатталды. Қала өнерпаздары дайындаған концерт еріктілердің жақсы әсерлерге толы күнін одан әрі ажарландыра түсті.
Зәуреш АСЫЛБЕКОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.