Спорт саласындағы сыбайлас жемқорлық және оның алдын алу мәселесі облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде өткен кездесу барысында әңгіменің өзегіне айналды. Оған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин, “WBA “SUPER”, “IBO”, “ЕВU” тұжырымдары бойынша әлемнің экс-чемпионы, еліміздің және өңірдің әйгілі былғары қолғап шебері, Камиль Сафин атындағы бокстан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанат Жақиянов, “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің жетекшісі Екатерина Старостина, білім ордасының ұжымы мен оқушылар қатысты.
Шара барысында Нұрлан Жахин Қазақстанда мәдениет және спорт саласындағы осындай қылмыстардың басым көпшілігі мемлекет қаржысын жымқыру, лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалану және пара беру екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, жарыстар кезінде спортшыларға, бапкерлерге, төрешілерге және дода ұйымдастырушыларына пара беру кездесіп жатады. Бұл сыбайлас жемқорлық фактісі болып табылады.
– Бүгінгі таңда елімізде спорт саласын дамыту үшін қыруар қаражат бөлінуде. Бәсі биік сайыстардың қорытындысы бойынша спортшыларға берілетін сыйақылар мен жүлделердің мөлшері көбеюде. Осы ретте аталмыш салада заң бұзушылықтар анықталуы мүмкін. Қоғамда орын алған осы дертпен күрес тек жемқорлыққа жол берген адамдарды жауапкершілікке тартумен шектелмеуі қажет. Ең бастысы, қауіптердің алдын алу бағытында жұмыс жүргізу керек, – дейді Нұрлан Серікұлы.
Содан кейін сөз алған Жанат Жақиянов облыстағы білім ошағының жас спортшыларына қоғам кеселінің алдын алудың маңыздылығы туралы айтып берді. Оның айтуына қарағанда, кейінгі толқын мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден бастап ізгі адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, парасаттылық қағидасына үйренуі тиіс.
Сонымен қатар шара аясында өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның өкілдері облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледждің жұмысымен, тыныс-тіршілігімен және спортшыларға жасалған жағдаймен танысты.