
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде “Жастар, жастар үшін ХХІ ғасырдың мұражайы” жобасы аясында “Гүлденген Қазақстан” атты көрме-байқаудың ашылу рәсімі өтті.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған шараның мақсаты – халқымыздың көне мұраға бай мәдениеті мен тарихын жаңғырту, өрендерді елжанды, отансүйгіш болуға үндеп, барша қазақстандықтарды ұлттық құндылықтарды бағалай білуге үйрету.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, мұражай қызметкері Батыр Әбілмәжінов:
– Көрме-байқауға қатысуға Петропавлдағы өнер мектебі мен колледжінің, бейнелеу өнері лицейінің 14-30 жас аралығындағы қырық алты суретшісі тілек білдірді. Қазақ халқының көне тарихи қалалары мен жәдігерлерін, ел амандығы, жұрт тыныштығы үшін толарсақтан саз кешкен жаужүрек батырларын, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ғажап бейнесін кескіндеген қылқалам шеберлерінің топқа салған туындылары әсемдігімен, шынайылығымен, ең бастысы, мағына тереңдігімен ерекшеленді, – деді.
Көрме-байқау қорытындысында көрерменнің ықыласына бөленіп, көзге түскен туынды иелеріне жүлделі орындар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Шара наурыз айының 30-шы жұлдызына дейін жалғаспақ.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.