Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ветеринария бөлімінің жас ғалымы Регина Махметова қуанышқа бөленді. Ол “Зумрад” корпорациясы”, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен “Қазақстанның отбасылық бизнесі” қауымдастығы 18 бен 29 жас аралығындағы жастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында ұйымдастырған республикалық “Бизнес-серпін – 2014” байқауына қатысып, екінші орынмен 2,7 млн. теңге көлемінде қаржыландыру грантын жеңіп алды.
Жас ғалым өз еңбегін ауыл шаруашылығын дамытудағы тың жоба деп есептейді.
– “Ұрықты трансплантациялау” – қысқа мерзімде асылтұқымды мал алудың мүлдем жаңа әдісі және нақты мүмкіндігі. Бұл әдістің өзіндік ерекшелігі бар: жасанды ұрықтандыру арқылы бір сиырдан жылына бір-ақ бұзау, ал ұрықты трансплантациялау арқылы бір сиырдан 5-7 асылтұқымды бұзау алуға болады. “Бизнес-серпін – 2020” байқауы жайлы естігеннен кейін осы идеямен коммерциялық негізде айналысуға бел будым, – дейді жас ғалым.
Қазіргі уақытта жас ғалым “Зумрад” корпорациясымен бірге серіктестік ашуға қажетті құжаттарды әзірлеуде. Сондай-ақ, ол ұрықты сақтауға, тасымалдауға қажетті құрал-жабдықтар, арнайы автокөлік сатып алу мәселелерімен айналысуда.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.