«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҚАЛАМГЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институты оқытушыларының ұйымдастыруымен жас қаламгерлермен кездесу өтті. Шараға аталмыш университеттің “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Журналистика” мамандықтарының студенттері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жанынан құрылған “Мағжан” әдеби бірлестігінің мүшелері, сондай-ақ, жастар ұйымдарының мамандары қатысты.

Басқосуды ашқан Тіл және әдебиет институтының оқытушысы Жазира Көкбас:

– Адамға талантты Алла берсе, талаптану – кез келген қабілетті жанның өзінен. Қолына қалам ұстаған қаламгердің бәрі ақын, не жазушы болмайды. Оларды осы жолда шыңдап, биік белеске жеткізетін – ізденіс пен әдеби орта, рухани кездесулер. Өңіріміздегі жас ақындардың басын біріктіріп, ғақлиялы шараны жүзеге асыруымыздың бір себебі – осы, – деді.

Шара барысында өлең өлкесін бетке алып келе жатқан жас ақындар сиясы кеппеген жырларын жарыса оқып, бүгінгі қазақ поэзиясының дамуы және ақындар, олардың шығармашылықтары туралы кестелі ойларын ортаға салды.

Жиында бірқатар жас қаламгерлер “Мағжан” әдеби бірлестігінің құрамына қабылданды. Олардың қатарында жергілікті өрендер мен “Серпін” мемлекеттік бағдарламасымен келген “Оңтүстік қарлығаштары да” бар.

Фархат ТАСТАМБЕК,

 журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp