
Петропавл қаласындағы “Жас натуралистер стансасы” МКҚК өңірдің жас қолөнершілері арасында байқау ұйымдастырды. Оған қатысушылардың қатары қалың болып, 333 шығармашылық жұмыс жиналды. Бұл шараға қаланың жас тұрғындары мен тоғыз ауданның 57 мектебі белсене қатысты. Қала мектептері мен үйірмелер 191 жұмыс ұсынса, аудандықтар 142 туынды дайындап әкелді.
Байқау бес аталым бойынша ұйымдастырылды. Жас жеткіншектердің экологиялық білімін жетілдіру, қоршаған ортаға деген жанашырлықты ояту үшін “Таза өмір сүрейік” атты аталым бойынша көркемсуреттер көп жолданыпты. “Менің үй жануарым” аталымындағы тақырыпты жас натуралистер өздерінің қолдан жасаған бұйымдары мен салған суреттері арқылы жеткізді. Ал “Ескі затқа екінші өмір сыйлайық” атты аталымның мақсаты көне затты басқа қолданысқа икемдеп, қызығын көруге негізделген. Оған өз қажеттілігін жоғалтқан кез келген тұрмыстық зат шикізат ретінде қолданылатындықтан, бұл аталымда пайдаланылған бұйымдардың саны есептен жаңылыстырады. Жас талаптар Қой жылына да дайындықты алдын ала бастап, бұл жануардың бейнесін неше түрлі бұйымдардан құрастырып, өз қолдарымен өнер туындысын тудырған.
Аталмыш байқаудың қорытындысы шығарылып, әр аталым бойынша екі-үштен жеңімпаз таңдалып, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олардың қатарындағы Сергей Оспановтың (Қызылжар ауданы), Жанна Жүсіпованың (Уәлиханов ауданы), Юлия Нильганың (Ғ. Мүсірепов атындағы аудан), Захар Коваленконың (Қызылжар ауданы), Анна Скрипник пен Марк Бернардтың (Петропавл қ.), Татьяна Стороженконың (Петропавл қ.), Екатерина Самарукованың, Дария Шледоветтің, Сабина Нажарованың (Мамлют ауданы), Виктория Устинованың (Петропавл қ.), Юрий Мининнің, Александра Владимированың, Владимир Витковскийдің және Артем Фоменконың (Петропавл қ.) есімдері жеңімпаздар ретінде аталды.
Барлық жиналған жұмыстар 2015 жылдың 8 қаңтарына дейін “Жас натуралистер стансасы” МКҚК-нің көрме залында тұрады. Оны көремін деушілерге есік ашық.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.