Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар және №11 өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары “Лесная поляна” сауықтыру лагерінде өртке қарсы іс-әрекет тақырыбына арналған жарыс ұйымдастырды. Төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, өртке қарсы қызметтің аға лейтенанты Думан Ділдәбаев балаларды төтенше жағдайлар қызметінің тарихымен таныстырып, оларға бүгінгі күнгі құтқарушылар жұмысының мақсаттары мен міндеттері жайлы айтып берді.
Топтардың өзара сайысы барысында олардың сап түзеп жүрулері, командалар аттарын бір-біріне таныстырулары мен ұрандары, викториналық сұрақтарға жауап берулері назарға алынды. Конкурсқа қатысушылар “Орлы”, “Бейбарыс” және “Жас қырандар” командаларына бөлініп жарысты. Жанкүйерлер де өрт қауіпсіздігі, азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі өз білімдері мен көзқарастарын ортаға салу мүмкіндігіне ие болды. Олардың дұрыс жауаптары жанкүйердің командасының есебіне қосылды.
Сонымен қатар, қатысушылар “Су басу” тақырыбына қойылымдар қойды. Онда сел басқан аумақтағы адамдарды құтқару жағдайы сахналанды. Өртсөндірушінің төтенше жағдай кезіндегі киімін киюден өткен сайыс өте қызықты өтті. Бұл сайысқа қатысушылардың шапшаңдығы, ептілігі, икемділігі ойын шартының басты ерекшелігі болды.
Жарыстың қорытынды кезеңінде сайыскерлер зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетті. Онда жас құтқарушылардың жүрекке жасанды тыныс алдыру, сылау жасау, жарақаттанған жерлерді дұрыс таңу сияқты әрекеттері бойынша білімдері сыналды.
Сайыс соңында №11 өрт сөндіру бөлімінің мамандары “тілсіз жауды” ауыздықтау кезінде өздерінің қалай әрекет ету, “АЦ-40” магистральдық жолағын орнату, отқа оранған жерге су шашу тәсілдерін іс барысында көрсетті. Оқушылар арасында бұл жауынгерлік әрекетті өздері жасап көргісі келетіндер де табылды. Жарыс қорытындысында “Орлы” тобы жеңімпаз деп танылды. “Жас қырандар” мен “Бейбарыс” сәйкесінше екінші және үшінші орынға ие болды. Барлық қатысушылар дипломдармен, ең белсенді көрермендер сыйлықтармен марапатталды.
Марал ЖЕТІМЕКОВ,
Жамбыл аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысының
міндетін атқарушы.