«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАС ҰЖЫМ — ЖАҢАША ЖҰМЫС

Аудан орталығындағы жалпы білім беретін Тимирязев қазақ мектеп-интернаты – тәуелсіздік жылдарының жемісі. 400 орындық үшқабатты зәулім білім ордасы кең, жарық әрі жылы. Білім мекемесі заманауи оқыту құралдарымен қамтамасыз етілген. Мектебімізде іске асырылып келе жатқан педагогикалық технологиялар білім сапасын көтеруге бағытталған. Бұрын өңіміз түгіл, түсімізге кірмеген бүгінгі талапқа сай жабдықталған мультимедия, биология, химия, физика, математика, қазақ тілі, компьютер сыныптары, пән кабинеттері жұмыс істейді. Оқытудың көрнекі құралдары мен дидактикалық материалдары, медиатека, электрондық оқулықтар, әдеби кітаптар, интерактивті тақта, интернет жүйесі іске қосылған.

Білім ордасының бой көтергеніне аз уақыт болса да, мектебімізді “Алтын белгімен” аяқтап, өз мақсаттарына жеткен оқушыларымыздың алды еңбек жолын бастады. Жоғары оқу орнын аяқтаған алғашқы түлектеріміз биология пәнінің мұғалімі Анар Ескендірова, физика-математика пәндерінің мұғалімі Эльмира Магаева, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әсем Иманқұлова мектебімізге қайта оралды. Қазіргі уақытта бұл мұғалімдер білімді де білікті мамандарға айналды. Биылғы оқу жылын екі түлегіміз үздік аттестатпен тамамдады.

Білім ошағындағы ұстаздар қатары еліміздің оңтүстік өңірлерінен қоныс аударған мамандармен де толығуда. Өткен оқу жылында ұжымымызға Оңтүстік Қазақстан облысынан келген ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мен медициналық қызметкер қосылған болатын. Биыл тағы екі жас маман келді. Олардың бірі – информатика пәнінің мұғалімі, екіншісі математикадан сабақ береді. Жас мамандарды ұйымшыл ұжымымыз құшақ жая қарсы алды. Оларға тәлімгер бекітіліп, жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мектептегі білім сапасының артуына өз үлестерін қосып, бар саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісінің иегері, химия пәнінің мұғалімі Зият Ескендіров, орыс тілі пәнінің мұғалімі Бәтима Сүлейменова сынды ұлағатты ұстаздарымыз кейінгі буын ізбасарларына білгенін үйретуден жалыққан емес.

Қазіргі таңда бүкіл республика аумағын қамтыған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары “Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымдарының “Педагогикалық шеберлік орталықтарында” жүзеге асырылуда. Деңгейлік оқу бағдарламасы бойынша Астана қаласының педагогикалық шеберлік орталығында “Көшбасшылық“ директорлар курсын өзім тамамдасам, І деңгейді – 2, ІІ деңгейді – 4, ІІІ деңгейді 10 мұғалім бітірді.

Мектепте 2011 жылдан бері “Еркетай” шағын орталығы жұмыс істейді. Орталық мемлекеттік стандарт талаптарына сай жиһазбен, техникалық құралдармен жабдықталып, балаларды дамытуға барлық жағдай жасалған.

Оқушыларымыз облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр. Өскелең ұрпақты өнерге баулу мақсатында ән-күй үйірмелері жұмысын үзбей жалғастыруда. Балалар өз қабілеттеріне қарай түрлі пән, өнер, спорт үйірмелері мен секцияларына қатысып, бос уақыттарын тиімді өткізеді. Мектепте оқушыларды түрлі оқулықтармен қамтамасыз ететін кітапхана, тренажер, спорт, мәжіліс залдары жұмыс істейді. Баскетбол, футбол, дзюдо, тоғызқұмалақ сынды спорт секциялары оқушылардың саламатты өмір салтын ұстануларына зор мүмкіндіктер ашуда.

Жаңа формация мұғалімі білімнің өзіндік құндылығын түсінетін, жүрегі жаңалық деп соғатын, рефлексияға қабілетті, кәсіби дағдылары дамыған педагогикалық дарын иесі болуы тиіс. Осы біліктілік дағдылары қазіргі заманғы мұғалімнің бойына жан-жақты дамыған технологиялар, ақпараттық ағымдар арқылы сіңірілуде. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Ал ол жетістікке ел Тәуелсіздігінің арқасында қол жеткізіп келеміз.

Айман АСАНОВА,

Тимирязев

жалпы білім беретін

қазақ мектеп-интернатының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp