Мағжан Жұмабаев ауданындағы Медвежка ауылының тұрғыны Алина Титова – мектеп жасынан бері өлкетанумен айналысып келе жатқан жастардың бірі. Ол жуырда өткен жас өлкетанушылардың республикалық байқауында топ жарып, жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік беретін грантқа ие болды.
Алина ауыл мектебінде оқып жүрген кезінде өңіріміздің тарихы, ел билеген тұлғалары жайлы бірнеше ғылыми жоба жазған. “Менің туған өлкем” тақырыбында өз ауылы туралы әзірлеген зерттеу жұмысы жергілікті тарихшылардың жоғары бағасына ие болып, аудандық тарихи-өлкетану мұражайы мен мұрағат басшылығы оны өз жұмыстарына пайдалану мақсатында сұратып алыпты. Ол жуырда Мағжан Жұмабаев аудандық соты ұйымдастырған “Ұлы даланың билері” атты конкурсқа қатысты. Талапкер бұл ғылыми жобалар байқауына атақты Тоқсан мен Ноғайбай билер туралы зерттеу жұмысын ұсынған. Мағжан Жұмабаев аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Серік Жұмағұловтың айтуынша, мектеп оқушысы өз еңбегінде тұлғалардың қазақ елінің солтүстігінде билік айтып, ел басқарған қайраткерлігі туралы дәйекті деректер келтірген.
Алина Титова өз еңбегінде Тоқсан бидің шешендік сөздерін, билікке негізделген толғауларын, айтыстары мен сөз қағысуларын пайдаланған. Дәуір шындығын ақтарып, заманның ұнамсыз жақтарын батыл сынаған, жақсы мен жаманды безбендеген, ел өміріне, қонысқа, мал-жанға байланысты дауларды шешкен бидің өмірін зерттеу мақсатында 30-ға жуық кітап оқып шыққан.
Сондай-ақ, жерлесіміз ғылыми жұмысында ел дауын, жер дауын халық пайдасына шешіп, әділ төрелігімен, жарқын істерімен Петропавл, шекаралас Ресей аймақтарына дейін танылған Ноғайбай бидің де сан қырларын танытуға тырысқан. “Тәуелсіздік алған күннен бері еліміз тарихи тұлғаларын түгендеп, тағзым етуде. Солардың ішінде елі үшін еңбек еткен Ноғайбай биге қатысты көптеген деректер анықталып, оның жарқын істерін жан-жақты зерттеуге талпындым. Әрі Ноғайбай бидің мазары Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енгізіліп отыр. Жуырда бидің 185 жылдығына орай ауқымды шаралар өтті. Замандастарым осындай тарихи тұлғаларымыздың өмірі мен жүріп өткен жолы, асыл мұрасы негізінде тәрбиеленуі тиіс деген ойдамын”, – дейді жас өлкетанушы.
Бүгінде ол өңірден шыққан қара қылды қақ жарған шешендердің мұрасын зерттеумен айналысуын жалғастыруда. Талапты жастың тарихшы болу арманы іске асып, енді ол М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де білім алатын болды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.