“Шығыстың Аристотелі” атанған ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Оқушылар сарайында “әл-Фараби мұрасы – асыл мұра, рухани қазына” атты облыстық жыр мүшәйрасы өтті. “Soltústik Qazaqstan” газеті мен әл-Фараби мектеп-лицейі бірігіп ұйымдастырған шарада қала және аудан мектептерінен келген өрендер тырнақалды туындыларын оқыды.
Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің жарқын бейнесін дәріптеу және шығармашылығын насихаттау, дарынды өрендерді қолдау мақсатында өткен жыр мүшәйрасына мектеп оқушыларының тыңғылықты дайындалғанын, көп ізденгенін аңғардық. Үміткерлер өз туындыларында әл-Фарабидің тұлғасын, оның мұрасының жас ұрпақтың тәрбиесіндегі рөлін ашуға тырысты. Кеш шымылдығын ашқан “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры Жарасбай Сүлейменов пен әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова жас буынға сәттілік тілеп, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ұлы ғұламаның 1150 жылдығына орай өткізіліп жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды.
– Бабалар рухына тағзым ету мақсатында өткізіліп отырған мұндай шаралардың маңызы зор. Жас буын өкілдері ұлы тұлғаларды, олардың мұрасын біліп өсуі тиіс. Әл-Фараби – шын мәнінде қазақ халқы үшін ұлы тұлға. Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ойшыл өз заманындағы білім, ғылым, өнер салаларының бәрінде де өшпес із қалдырды. Сондықтан қаламыздағы әл-Фараби мектеп-лицейінің жыр мүшәйрасын өткізу жөніндегі ұсынысын қуана қабылдап, кейінгі толқынға ғұлама ғалымның мұрасын насихаттау ісіне қолдау көрсеттік, – деді Жарасбай Қабдоллаұлы.
Жыр мүшәйрасы әл-Фарабидің трактаттарынан үзінді келтірген мектеп оқушыларының шағын әдебимузыкалық қойылымымен басталды. Балалар ғалымның ғылымға сіңірген еңбегін тілге тиек ете отырып, оның гуманистік идеяларының, ақыл-парасат жайында жазған философиялық ой-пікірлерінің бүгінгі күнге дейін маңызын жоймағанын түрлі мысалдармен жеткізуге тырысты. Әл-Фараби адамзат баласына өмірдегі әр жетістіктің бастауы білімде екенін ұғындырған ғалым екенін айтқан ұл-қыздар ойшылдың мұрасынан мысалдар келтірді. Бұдан соң көрермендер назарына “әл-Фараби – өркениет ойшылы” атты деректі фильм ұсынылды.
Мүшәйраға облысымыздың аудандары мен облыс орталығынан барлығы 16 жас ақын қатысты. Ережеге сәйкес әр қатысушы екі өлеңнен оқып, қазылар алқасы оның мазмұнына, мәнерлеп оқу қабілетіне және сахнада өздерін ұстауына ерекше мән берді. Сахнаға алғашқылардың бірі болып көтерілген Ерік Асқаров атындағы облыстық ақындар мектебінің шәкірті, Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернат оқушысы Диас Аяған ғұламаға арнаған өлеңін “Әлемнің екінші ұстазы” деп атаған екен.
О, түріктің асып туған текті ұлы!
Талай-талай тау қопарған екпіні.
Санамызға сол данышпан бабаның,
Ғасырлардың қойнауынан жетті үні.
Қанша алысқа апарса да дарының,
Бесігіңнен үзілмеді тамырың.
Ата-жұртын дәл өзіңдей сағынып,
Сенше сүйсін туған жерін әр ұлың! –
деп жыр төгілткен жас ақын көрерменнің шын қошеметіне ие болды. Шал ақын ауданындағы академик Евней Букетов атындағы мектеп-гимназияның оқушылары Темірлан Сералиев, Жадыра Молдаш, Ділназ Құсайынова мен Сабина Қалиахмет те жүректен шыққан жыр жолдарын қағаз бетіне түсіріпті. Ал Жамбыл ауданының Айымжан ауылынан келген Әсем Раисова өз жырында ғұлама ғалымның мұрасына тоқталып, замандастарын өнер-білімге шақырды.
Түркіліктің дара жолын, сара жолын жалғаған,
Екінші ұстаз сопылықтың ақиқатын қолдаған.
Жан қуаты мәселесін зор деңгейде көтерген,
Байды емес, кедейлерді қашанда ол қолдаған, –
деген жыр жолдарынан басталатын жас ақынның өнеріне көрермен тәнті болды. Тыңдарман қауым Аққайың ауданындағы Қайырбек Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінен келген Кәмшат Аюпова мен Ерсұлтан Серікке де зор қошемет білдірді. Жас ақындар әл-Фарабиге арналған туындыларымен қатар рухани жаңғыру тақырыбы аясында жазған өлеңдерін де нақышына келтіре оқыды.
Жас таланттардың өнерін бағалаған облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин ақындық жолға бет бұрып, жыр әлемін бағындыруға талпынған жастарға ақ жол тіледі. “Бүгін дарынды ұл-қыздарды көріп, олардың жауқазын жырларын естіп, бойымды қуаныш сезімі билеп тұр. Осындай талантты, ұлтжанды ұрпағы бар елдің еңсесі әрдайым биік болатыны сөзсіз. Бүгінгі мүшәйраға ауылдардан келген жастар көп екен. Мен бұған қатты қуандым”, – деп ағынан жарылған ардагер ұстаз мұшәйра қатысушыларының арасынан мықтыларды анықтау оңай болмағанын жеткізді. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернаттың оқушысы Диас Аяған, бірінші орынды Айымжан мектебінің оқушысы Әсем Раисова иеленді. Кәмшат Аюпова, Айнұр Тілеген, Темірлан Сералиев, Ерсұлтан Серік пен Дарина Қуаныш та жүлдесіз қалмады. Олар қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Гүлбике КУБЕНОВА, “Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: жыр мүшәйрасынан көріністер.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.