Кез келген құрылысты жүзеге асырарда бірінші кезекте міндетті алғышарттар талап етіледі. Оның бастыларының бірі – жобалық-сметалық құжаттаманың (ЖСҚ) болуы. Бұл өлшем студенттерге арналған жатақханалар құрылысында маңызды орын алады. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің тапсырысымен “Үлгілік және тәжірибелік жобалаудың ғылыми-зерттеу институты” ЖШС-і (Тұрғын үй институты) 2015 жылы 104, 184 және 244 орындарға арналған 3 студенттер жатақханасының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеген болатын.
2018 жылы үшінші әлеуметтік бастама жарияланып, мемлекет 2022 жылдың соңына дейін студенттерді 75 мың орындық жаңа жатақханалармен қамтамасыз ету міндетін қойды. Сөйтіп, құрылыс көлемі мен санының артуына байланысты жаңа ЖСҚ-ға қажеттілік туындады. Осыған орай, 2020 жылы Білім және ғылым министрлігінің өтініші бойынша құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің тапсырысымен “ҚазҚСҒЗИ” АҚ-ы 5 климаттық кіші аудандар үшін 500 орындық студенттер жатақханасының жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауда. Жоба ғылыми-техникалық кеңестің оң қорытындысын алып, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Жобаның артықшылықтары көп, атап айтқанда, жатақхана ғимаратында жатын орындардан бөлек компютерлік оқу залдары, интернет клуб, буфет, спорт залдары, медициналық стационар орналастыру жобаланған. Осылайша, кәсіпкерлердің құрылыс жұмыстарына жұмсайтын шығындары барынша оңтайландырылды. Әр студентке тұрғын алаңның үлестік көрсеткіші 11,2 шаршы метрден 7,8 шаршы метрге төмендетілген. Жалпы алаңның үлестік көрсеткіші, сәйкесінше, 21,9 шаршы метрден 15,2 шаршы метрге дейін азайтылған. Бұл, өз кезегінде, жобаға заманауи құрылыс материалдарын пайдалана отырып және барлық құрылыс, санитарлық талаптарды сақтау арқылы әрбір орын үшін 1 млн.теңге көлемінде үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жаңа ЖСҚ аясында бір төсек-орынның құны орта есеппен 2,5 млн. теңгені құрайды деген сөз. 500 орындық студенттер жатақханасының жобалық-сметалық құжаттамасы кәсіпкерлер мен құрылысшылардың және студенттердің де көңілінен шығады деген сенім мол.
104, 184 және 244 орындарға арналған студенттер жатақханаларының және әлеуметтік бастама аясында сәтті жүзеге асқан жеке үлгілік жобалардың жобалық-сметалық құжаттамаларын https://studdom.fincenter.kz/#bank сілтемесі арқылы жүктей аласыздар.
Олжас БАЙҒОЖИН,
“Қаржы орталығы” АҚ-ның төрағасы.