Петропавлдағы “Жеңіс” олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде шинкиокушинкай каратэден есімі облысымызға белгілі марқұм бапкер Олег Алексеенконы еске алуға арналған қалалық ашық турнир өтті.
Бұл жарыста өз жерлестерімізбен бірге Алматы облысы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Теміртау, Ресей Федерациясының Ишим және Омбы қалаларынан келген 200-ге жуық спортшы алты жас ерекшелігі және 20 салмақ дәрежесінде күш сынасты. Спорттық шараға жаттықтырушының жұбайы Жанна Мұхамеджанқызы мен әкесі Владимир Васильевич қатысқанын айта кету қажет. Олар осы турнирді ұйымдастырған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі мен облыстық шинкиокушинкай каратэ федерациясының басшылығына ризашылық білдірді. Федерация президенті Руслан Сарсенбаевтың айтуынша, марқұм бапкер Олег Алексеенко облыста каратэнің аталмыш түрінің дамуына сүбелі үлесін қосты. Доданың қорытындысы бойынша Рахат Бейісов 30 килограммнан жоғары салмақта өзімен жекпе-жекке шыққан қарсыластардан айласын асырып, алтыннан алқа тағынды. Ұлпан Құрмашева 40 килограмм салмаққа дейінгі текетіресте бірінші орынға сай деп танылды. Игорь Пипко 40 кг-нан жоғары салмақ бойынша өткен сынның нәтижесінде бірінші орынды олжалады. 45 кг-да ұйымдастырылған бәсекеде Рамазан Ықсановқа тең келер ешкім болмады. Сонымен қатар Зарина Рақымжанова, Станислав Фатеев, Ростислав Скворцов – күміс, ал Данил Аленин, Ернар Есентай, Мирас Жолынбетов пен Артур Хильманович қола медальдардың иегерлері атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.