«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАУАПКЕРШІЛІГІМІЗ СЫНАЛАР СӘТ

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен шұғыл әрекет ету штабының кеңесі онлайн режімде өтті. Өңірімізде коронавирустың алдын алу және оның таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар әңгімеге өзек болды.

– Бүгінгі басты мақсат – коронавирустың таралуымен күресіп, өңір экономикасына және адамдардың өміріне төндіретін қауіптің алдын алу. Облыста бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілді. Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызметтер, аудан әкімдіктері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықты барлық қажетті заттармен үздіксіз жабдықтау мәселесін шешуге жұмылдырылуда. Баршамыз құқық қорғау органдарының төтенше жағдайлар кезіндегі азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шектеулеріне түсіністікпен қарауымыз керек, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысының айтуынша, облыста азық-түлік қоры жеткілікті, қауіпті кеселдің алдын алу мақсатында өңірде санитарлық және дезинфекциялық шаралар күшейтілуде. Бірқатар кәсіпорындар медициналық бетперде шығаруға жұмылдырылуда. “Радуга” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде антибактериалды сабын шығару қолға алынды.
Жиын барысында облыс әкімі сауда-саттық, автокөлік, қызмет көрсету саласында кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтарға үндеу жасап, бірқатар талап қойды. Атап айтқанда, адам көп шоғырланатын орындарда барлық есіктердің тұтқалары дезинфекциялық құралдармен зарарсыздандырылып, едендер хлорофор араластырылған сумен күніне бірнеше мәрте жуылуы қажет. Сондай-ақ, барлық басшылар мен кәсіпкерлер нысандар мен қоғамдық көліктерде қол жуатын санитайзерлерді орнатуға міндеттелді. Қызметкерлер медициналық бетперделермен қамтылуы тиіс. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Өз кезегінде тұрғындар жеке бас гигиенасын сақтауға ерекше көңіл бөлулері тиіс екендігі ескертілді.
Індетке байланысты Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылғаны белгілі. Сондықтан ұшақ, пойыз және автокөлікпен жолға шығатын жерлестеріміз тізімге енгізіліп, бақылауға алынатын болады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды қолға алынып жатқан маңызды шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.


Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp