Қай ауылда болмасын өз ісіне адал, алдыңғы қатарлы еңбек адамдары аз емес. Олар көп жағдайда назарға іліне бермейді, қалтарыста қалып жататыны да шындық. Сондай жандардың бірі – Айыртау ауданындағы қосымша білім беру орталығының киім ілушісі, кәсіподақ ұйымының мүшесі Тоғжан Базарбаева.
– Біздің орталықта өнерпаздардан бөлек қарапайым еңбек адамдары да жұмыс істейді. Тоғжан Нұрғалиқызының жауапкершілігі мол, ісі тыңғылықты. Киім ілуші – кез келген мекеменің айнасы. Оларға қарап келушілер сол жердің тәртібі туралы көзқарас қалыптастарады. Өз жұмысына шын берілген жанның адал еңбегі қашан да мақтауға тұрарлық, – дейді қосымша білім беру орталығы басшысының міндетін атқарушы Бибігүл Мейрамова.
Қосымша білім алушылардың сабақтары таңертең сағат 8.30-да басталады. Ал киім ілуші жұмысқа сағат 8:00-де келуі тиіс. Білім беру мекемесінде оқып жатқан балалардың барлығы бірдей емес. Сабырлы, ұяң, кейде тіпті тіл алмайтындар да кездесіп жатады. Сондықтан киім ілуші сөйлеген сөзіне, істеген ісіне сақ болуы керек. Білім беру мекемесінде жұмыс істеу зеректікті, шыдамдылықты талап етеді. Қойылатын басты талаптардың бірі – тазалық. Қолы да, ойы да таза болуы керек.
– Көпшіліктің ойында киімжайда тек зейнет жасындағы адамдар жұмыс істеуі керек деген пікір қалыптасып қалған. Бұл қызмет жас та, білім де талғамайды. Бізде бір ғана міндет бар. Ол – келушілерге адал қызмет көрсету. Маған адамдармен қарым-қатынас жасаған ұнайды, – дейді Тоғжан Базарбаева.
Тоғжан Нұрғалиқызы орталықта 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны әріптестері адалдығы, тілтабысқыш қасиеті үшін ерекше құрметтейді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ,
қосымша білім беру орталығының әлеуметтік ұстазы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.
Айыртау ауданы.